Атыраудың ауасын ластаған компанияға 7 млрд теңгеден астам айыппұл салынды

Бұл туралы Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында «K» ЖШС-не қатысты ӘҚБтК-нің 329-бабымен (Парниктік газдар шығарындыларына квотаның белгіленген және қосымша алынған көлемінен асып кету) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

Анықталғандай, Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының талабы негізінде, Атырау облысы бойынша экология департаментінің тексеруді тағайындау туралы актісіне сәйкес «K» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, 2021 жылғы парниктік газдар шығындыларын түгендеу жөніндегі есептіліктің нәтижелері бойынша көмірқышқыл газының (СО2) шығарындылары белгіленген шегі 20 мың тоннадан (есеп бойынша 35 482 тонна) асатыны анықталды. Әрі қарай, уәкілетті мемлекеттік орган парниктік газдар шығарындылары квоталарының көлемін 35 482 тонна мөлшерінде келіскен. Алайда, 2021 жылғы парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы есепте қолданылған бастапқы деректерді пайдалана отырып есептеулер жүргізу кезінде СО2 шығарындыларының нақты көлемі 743 105, 874 тоннаны құрайтыны анықталды. Осылайша, ЖШС белгіленген (бөлінген) көміртегі квоталарының көлемдерінен айтарлықтай жоғары асыра отырып, квоталанатын қондырғыны пайдалануды жүзеге асырған.

Енді сот шешімімен, ӘҚБтК-нің 329-бабына сай парниктік газдар шығарындыларына квотаның белгіленген және қосымша алынған көлемінен асып кету – қондырғы операторларына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жобаларды іске асыру нәтижесінде сатып алынған квоталар бірліктерімен өтелмеген, квотаның белгіленген көлемінен асатын әрбір бірлігі үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Сот қаулысымен «K» ЖШС әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 7 224 485 941 теңге әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ