Атыраудың атақты ақсақалы Наурыз-бата берді

Атыраудың атақты батагөй ақсақалы, спорт саласының ардагері Ақмырза Батырқайыров қазақтың атадан балаға аманатталып келе жатқан салт-дәстүрі мен ұлағат сөздері бүгінде ұмытылып барады деп алаңдаулы. Мереке қарсаңында ақсақалдың алдына Наурыз-бата сұрай барған біз оның әсерлі әңгімесіне қанық болдық, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Айтуынша, біз басқа елдердің салт-санасы мен әдет-ғұрпына еліктейміз деп ұлттық құндылықтарымыздан қашықтап жатырмыз.

Әр салттың өз өнегесі бар

– Мен үлкен кісі болған соң саябаққа барып, демалып отырамын. Сол кезде қара жамылған жас келіншектерді жиі көремін. Бірде шыдай алмай «айдың-күннің аманында қара жамылып не болды, қазақ қашан бұлай киінген?» дедім. Әлгілердің бірі «сізге бәрібір емес пе?» дегені. Бұл не деген сөз? Яғни, біз басқа елдердің салт-санасына еліктеп барамыз, - деп ашынады ақсақал.

Қазақтың қай салтын алса да, өзіндік өнегесі мен тағылымды тәлім-тәрбиесі бар. Мұны бүгінгі жастар біле бермейді.

«Қазақ қызы әшекей бұйымдарды неге таққан деп ойлайсыз? Ашаршылық кезде сол алтын бұйымдар мен гауһар жүзіктерді сатып, отбасын аман алып қалған. Тіпті, сол кездегі сәукеленің өзінде қырық трактордың құны бар екен. Осылайша, үкілі бөрік киген қазақ қыздары жауға да шапқан, елді де асыраған» деген өнегесімен бөлісті Ақмырза ата.

Оның айтуынша, халқымызда «Адам мен үйді айналма», «суға түкірме», «босағада керілме», «табалдырықты баспа» деген секілді қырық шақты тыйым бар екен. Тіпті, аналар сәбиін емізгенде де, бесікті тербеткенде де ашуланбай, биязы қалыпты сақтауы керек. Тағы бір тыйым, келін түскенк езде оны бір жылға дейін төркініне жібермеген. Себебі, келін өз шаңырағына сіңісіп кетуі керек. «Әйелдің отаны – күйеуінің туысы» дейді.

Жалпы, қазақтың әдет-ғұрпы күнделікті тұрмыстан туындаған. Мәселен, қазақ неге қамшыны жоғарыға ілген? Дана қарттың сөзінше, ертеде бой жеткелі тұрған қыздың үйіне барған кезде «ертең құда түсемін» деген оймен керегеге қамшы іліп кетеді екен. Міне, қамшы төрге ілу содан қалған екен.

Батамен ойнауға болмайды

Айтпақшы, Ақмырза ақсақал Атырау жұртына батагөй қария ретінде жақсы таныс. Ол талай бата беру сайыстарында жеңіске жеткен.

– Мені батагөй қария ретінде жұрт жақсы таниды. Арнайы алдыма келіп бата сұрайтындардың ішінде қара да бар, хан да бар. Сізге Атырау облысының басшыларымен болған бір-екі оқиғаны баяндап берейін. Кезінде осында Нұрлан Ноғаев аймақ басшысы болған кезде менен бата алған болатын. Алақанымды жайып, ізгі тілегімді арнадым. Риза болған әкім қой сойып, алғысын білдірді. Көп кешікпей ол еліміздің Энергетика министрі болды, - дейді ол.

Ақсақал тек бата беріп қоймай, сол батада айтқан тілектері орындалмай қоймайды екен. Бұған жергілікті тұрғындардың бәрі де куә. Осы орайда, қарияның тағы бір әңгімесі сөзімізге дәлел бола алады.

«Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, бір министрге менің бата бергенім бар. Ағымнан жарылып, жас та болса бас бола білген азаматқа ыстық ықыласымды батамен жеткіздім. Кейін оған «үстіндегі бешпетіңді берсең де жетеді» деп қолқа салдым. Бірақ, ол олай жасамады. Артынша министрліктен түсіп қалды. Демек, батамен ойнауға болмайды деген сөз. Қазақ халқы о заманнан бері үлкендердің батасына айрықша мән берген» дейді қария.

Сондай-ақ, батаны кез келген жасы келген адамнан емес, өмірден көргені мол, түйгені зор, ғибратты ғұмыр иесінен сұраған.

– «Баталы құл  арымас, батасыз құл жарымас» деген мақал бар. Сондықтан біз секілді ақсақалдар кейінгі ұрпақтың санасына нақыл сөздерді сіңіруге міндетті. Атадан балаға аманат болып келе жатқан әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді берік ұстануымыз қажет. Жаһанданудың жөні сол екен деп, ауызға келген сөзді айтып, ойға келген нәрсені жасауға болмайды. Қазақ бұрыннан сөзге тоқтаған халық. «Сөз сүйектен де өтеді» деп бекер айтылмаса керек, - дейді ақылгөй.

«Арыстанның төсегіне ит жатпайды»

Әңгіме барысында сұхбаттасушымыз тағы бір оқиғаны еске алды. Бұл кезде ол әлі үйлене де қоймаған.

«1964 жылы жолшыбай бір үйге құдайы қонақ болып бара қалғаным бар. Үй иесі өзіммен шамалас азамат екен, жақында ғана шаңырақ көтергенін айтты. «Құдайы қонақ арнайы қонақтан бір саты жоғары» деп қазақы салтпен ет асып, құрмет көрсетті. Ал, кешкісін жатар уақытта «құрдас, өзіңе деген құрметім болсын, жатын орныма төсек салып беремін» дегені. Мен қарсы болдым. «Құрдастық құрметіңе рахмет. Бірақ, «арыстанның төсегіне ит жатпайды» деген сөз бар. Өз орындарыңа өздерің ғана жатыңдар. Жұбайлардың ақ төсегіне өзге ешкім жақындамауы тиіс» дедім. Осы қылығым үшін үй иесі мені одан бетер құрметтейтін болды. Ал, қазір қалай? Қонақтықта көріп жүрміз, ерлі-зайыптылар бөлмесінің есігі ашық тұрады» дейді ол.

Атамыз тағы бір сорақы жайтты естігенде жағасын ұстағанын айтады. Кім екені нақты есінде жоқ екен, министрлердің бірі мектепте мүшеқап тарату керектігін айтыпты.

Сөз төркінін түсіне бермейді...

Ақмырза атаның айтуынша, қазақ баласын» ат болатын тай саяққа үйір, адам болатын бала қонаққа үйір» деп тәрбиелеген.  

– Үйге қонақ келгенде бала олармен қалай амандасады, өзін қалай ұстайды, осының бәріне әке-шешесі сын көзбен қараған. Ал, баланың әрекеті көңілден шықпаған жағдайда, оған қонақ кеткен соң «ұлым ақыл тыңдап жарытпас, атадан үлгі алмаса, қызым тамақ беріп жарытпас анадан үлгі алмаса» деп ескертіп отырған. Қазір көптеген нақыл сөздер қолданыстан шығып жатыр, - деп қынжылыс білдіреді тіл жанашыры.

Расымен де, қазір сөздің төркінін түснетін адам азайып барады. Жас ұрпақ батыстың мәдениеті мен әдебиетіне, әні мен биіне бейімделіп, ұлттық құндылықтар ұмытылуда.

«Көп отырыстың бірінде аталық ақылымды айтып жатқан кезде менімен қатар бір ақсақал сөзімді бөліп, «көп сөйлесең, сөздің мәні кетеді, аз сөйле» деп аузыма қақпақ болды. Өзі «қақпақты қара қазан» Қызылқоға ауданынан екен. Мен одан мұндайды күтпедім. Қалай болғанда да, бұл Қазыбек пен Бөкен би, Халел мен Ығылман, Ғабдол мен Асау Тұрлан және басқа да тарихи тұлғалар туған киелі топырақ емес пе?» деп реніш білдіреді әңгімелесушіміз.

Ақмырза ата анасы тоқсаннан асып қайтар шағында «сіз үнемі қиындық көрдіңіз, балаларымды бағумен болдыңыз, мен үшін жаныңызды отқа да, суға да салдыңыз, ақ сүтіңізді ақтай алмадым» деген екен. Сонда анасы «сен артыңдағы ініңе әкесіндей қамқор болдың, сол үшін саған шексіз ризамын» деп жауап қайырыпты.

Ақмырза атаның әкесі өмірден ерте өтіп, артына бес тыйым сөзді тапсырып кеткен екен. Бұлар – арақ ішпеу, темекі тартпау, құмар ойын ойнамау, қызды жылатпау, ана сүтін ақтау.

– Бірде теледидарда жүріп жатқан бір бағдарламада студияда қонақ болып отырған ересектеу әйелден «сіз отбасына отағасының ие болуына мүдделісіз бе?» деп сұрады журналист. Әлгі әйел ер азаматқа тәуелді емес екенін айтты. Ал, осы сұраққа басқа бір жастау келген келіншек керісінше отағасының орны бөлек екенін айтып, «алтын басты әйелден тақыр басты еркек артық» деп бұрын-соңды айтылмаған жаңа мақалды келтірді. Міне, «ақыл – жастан» деген осы ғой, – дейді дана қарт.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Ақмырза Батырхайырұлының Наурыз-батасы:

– Уа, Әз-Наурыз мейрамы!

Жақсы күні жарылқап

Ортамызға тап келдің.

Аңсап күткен халықтың

Бастарына бақ бергін!

Астарына тақ бергін,

Көңілдеріне шат бергін,

Не берсе де нақ бергін!

Қырда жүрген Қыдырды

атҰлыстың ұлы күнінде

Қақ төріме ап келгін!

Ұлдарымыз ұлықты болсын!

Қыздарымыз қылықты болсын!

Келіндеріміз келісті болсын!

Диқандарымыз егісті болсын!

Бау-бақшамыз жемісті болсын!

Дастарқанымыз мол болсын!

Жолға шықсаң жол болсын!

Сапарларыңыз оң болсын!

Алтын есік ақ орда

Үстеріңе орнасын!

Іші толған той болып,

Елім тыныш, жұрт аман,

Еш жамандық болмасын!

Жеті байлық, бес бақыт

Бастарыңа орнасын!

Осы берген ақ батам

Қыдыр баба қолдасын!