Атыраудың 31 жастағы тұрғыны рейстен түсірілді

Оқиға «Астана – Атырау» бағытындағы рейс бортында орын алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Көлік полициясы департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері көлік полицейлері әуе кемелері бортында түрлі құқықбұзушылық жасаған 331 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Ең жиі кездесетін құқықбұзушылықтар – алкоголь ішімдіктерін ішу және қоғамдық орында мас күйінде жүру (189 жағдай), әуе кемесінде темекі шегу (89), ұсақ бұзақылық (24) және басқа да құқықбұзушылықтар.

Осындай жағдайлардың бірі «Астана – Атырау» рейсінде орын алды. Ұшақ командирінің актісіне сәйкес, рейстен 31 жастағы Атырау тұрғыны түсірілді. Тексеру барысында әйел адамның мас күйде болғаны, экипаждың талаптарын орындамағаны және агрессивті мінез-құлық танытқаны анықталды. Астана әуежайының желілік полиция қызметкерлері келген кезде ол полиция бөлмесіне барудан бас тартып, айналасындағыларға бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзуды жалғастырған.

Азаматшаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің төрт бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды: билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбау, ұсақ бұзақылық, бортсеріктердің талаптарын орындамау және қоғамдық орында мас күйде жүру.

Іс материалы сотқа жолданды.

Жанат Шаяхметова
Фото: Көлік полициясы департаментінің баспасөз қызметі