Атыраудағы ЖОО-ларға талапкерлерді қабылдау басталды

Атыраудағы жоғары оқу орындары 2025-2026 оқу жылына талапкерлерді қабылдау мақсатында шығармашылық емтихандар жүргізуде. Бұл туралы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов брифинг барысында мәлімдеді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Саламат Идрисовтің айтуынша, 8 мыңнан астам студент білім алатын оқу орнын биыл 2 мың түлек аяқтайды. Олардың басым бөлігі — өңірге қажетті педагог мамандар.

– Біз 75 білім бағдарламасы бойынша бакалавр, 40-тан астам бағдарлама аясында магистрлерді дайындаймыз. Білім беру жүйесіне заманауи өзгерістер енгізіліп, «Жасанды интеллект негіздері» секілді жаңа пәндер қосылды. Сонымен қатар халықаралық серіктестіктеріміз артып келеді. Бүгінде университет әлемнің 80-нен астам жоғары оқу орнымен әріптестік орнатқан. Нәтижесінде биыл қос диплом бағдарламасының алғашқы түлектері оқуын аяқтайды,- деді ректор. 

Қос диплом бағдарламасы Атырау университеті мен Нигде Омер Халисдемир университеті арасындағы келісім негізінде жүзеге асырылды. Екі жоғары оқу орнында қатар білім алған магистранттардың дипломы қос мемлекетте де заңды күшке ие болады.

Брифинг барысында облыстық Білім беру басқармасының бас маманы Дина Стамғали бакалавриат бағдарламаларына түсу үшін 78 мыңнан астам грант бөлінгендігін атап өтті. Олардың ішінде инженерлік, педагогикалық, IT, жаратылыстану бағыттарына басымдық берілген.

– ҰБТ-ның қазіргі кезеңдегі қорытындысы бойынша түлектердің 65 % шекті балл жинады. Атырау облысындағы орташа балл – 62. Грант конкурсына өтінім қабылдау мерзімі 13-20 шілде аралығында өтеді. Сондай-ақ 1500 нысаналы грант және облыс әкімінің гранттары қарастырылып отыр, – деді Д. Стамғали.

Жалпы Атырау өңірінде талапкерлер үшін құжат қабылдау мерзімі 20 маусымнан 25 тамызға дейін жалғасады. Білім беру гранты конкурсына өтініш беру уақыты 13-20 шілде аралығында өтпек.