Тұрғындар қалашығындағы кітапхана жөндеуден соң қайта ашылды

Кітапхананың 200 шаршы метр аумағы жаңарып, оқырмандарды қабылдауға дайын, деп хабарлайы AtyrauPress.

Кітапхана орын тепкен ғимараттың негізі 1945 жылы қаланған. Бұрын ол Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі болған. Кейін келе ғимарат қала әкімдігінің меншігіне өткен.  

Кітапханашылар едені опырылып, қабырғасы жарылған ғимаратта оқырмандарға қызмет көрсетіп келді. Алайда Тұрғындар қалашығының жартысы сүріледі деген әңгімеден соң кітапхананы жөндеуге қаржы  бөлінбей келген. Тек былтыр ғана рухани байлық ордасын күрделі жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданған.

Бүгінде ғимараттың 200 шаршы метрі жөндеуден өтті. Онда №7 ересектерге арналған кітапхананың бөлімшесі мен №5 балалар кітапханасы жұмыс істейді.  Жалпы 2000-нан астам оқырманы бар. Ал кітап қоры – 22 мыңды құрайды.

 

Мира НҰРТАЕВА.