Атыраудағы «Сарайшық» сапар орталығына шетелдік туристер қызығушылық танытуда

Бүгінде «Сарайшық» сапар орталығы жұмысын бастады. Оны 700-ге жуық адам тамашалаған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Жанар Диярованың айтуынша, сапар орталығының басты міндеті - облыстың туристік әлеуетін арттыру, әдемі және тарихи орындарды көрсету арқылы шетелден туристерді тарту.  

«Сапар орталығына келгендер арасында шетелдік туристердің саны басым. Бүгінгі күнге дейін 700-ге жуық турист келді. Нақтырақ айтар болсақ, АҚШ, Латвия, Грузия елдерінің елшілері және Ресей елінен Мәскеу мемлекеттік университетінің мұғалімдері мен студенттері музейдің жаңғыртылған жаңа экспозиция залдарымен танысып, ерекше әсер алғандарын атап өтті», - дейді Ж.Диярова.

Сапар орталығына келушілердің бірі - дарынды балаларға арналған "Ұстаз" облыстық мектебінің 10-сынып оқушысы Медет Жоламан. Ол музейде біраз қызықты фактілерге қанық болды.  

«Мұражай – жәдігерлер мекені, тұнып тұрған тарих. Ал тарих туған жерден басталады, сондықтан, менің ойымша, әрбір азамат өзінің туған жерінің тарихын білуі тиіс. Еліміздің ертеңі өткен тарихпен тығыз байланыста екенін ұмытпауымыз керек», - дейді Медет.

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» халықтың тарихи-мәдени мұраларын жинақтап сақтау, зерттеу, оларды насихаттау, оны туризм аймағына айналдыру және қазба орындарына реставрация, консервация жұмыстарын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.

«Сарайшықта жерленген қазақтың біртуар тұлғасы, даңқты қолбасшы, Қазақ Хандығының атын әлемге танытқан хандардың бірегейі Қасым ханға арнайы ескерткіш орнату мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп келді. Бұл ұсынысымыз облыс тарапынан қолдау тауып, Атырау – Орал трассасы бойына ескерткіш орнатуға «Егемен Қазақстан» газетінде арнайы республикалық конкурс жарияланды. Бұл біз үшін үлкен жетістіктердің бірі», - деді Ж.Диярова.

Музей  қонақтарға түрлi танымдық, мәдени iс-шаралар мен көрмелер ұйымдастыруымен ерекшеленеді. Бағдарламаға тақырыптық көрмелер, дәрістер, экскурсиялар, қызықты, танымдық және шығармашылық іс-шаралар, музей сабақтары, байқаулар, дәрiстер, дөңгелек үстелдер мен семинарлар кiредi. Келушілерге 3 тiлде - қазақ, орыс, ағылшын, тiлдерiнде экскурсия жүргiзiледi. Жыл сайынғы жүргізіліп отырған қазба жұмыстары нәтижесінда табылған жаңа жәдігерлермен музей қоры толықтырылуда. Сондай-ақ, Сапар орталығында алғаш рет Алтын Орда билеушісі Бату ханның, Ноғай Ордасының биі Едіге бидің, қазақтың даңқты ханы Қасым ханның шынайы бейнелері жасалып, ел назарына ұсынылды.

«2019 жылдан бастап «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» «Музейге сый» акциясын өткізуде. Бұл шара облыс көлемінде жалғасын тапты. Осы акция аясында музей қоры этнографиялық жәдігерлермен толыққан. Бүгінде осы жұмыстар нәтижесінде, ескі музейімізді «Этнографиялық музейге» айналдырдық. Келушілерге бұл музейіміз де ашық. Сарайшық музей-қорығының қорын ел тарихына қатысты құнды жәдігерлермен толықтыруда үлестерін қосып, белсене қатысқан жерлестерімізге алғысымызды білдіреміз. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы бастама ғана. Біз бұл жұмысты одан әрі қарай жалғастыруға ниеттіміз. Ендігі мақсат - халықаралық деңгейге шығу», - деп айтты Жанар Диярова.

1600 шаршы метрлік кешенде туристер үшін қажет нәрсенің бәрі қамтылған. Бірінші қабатта 6 экспозициялық тақырыптық және жеке көрме залдары бар. Екіншісінде асхана, он бөлмелі қонақ үй, сонымен қатар тарихшы ғалымдарға арналған зертхана мен жұмыс бөлмелері бар. Мұражайда қазба жұмыстары кезінде табылған ежелгі құжаттар жинақталған.

«Сарайшық» «мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК балансына әлі берілмеген. Өйткені нысанды қабылдау үшін қажетті құжаттама  ресімделмеген. Мұражай жанындағы қонақ үй мен асхана жабық тұр.

Айта кетейік, орталық туристерді күн сайын демалыссыз және түскі үзіліссіз сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін қабылдайды. Сарайшық ауылы Атырау облысынан 45 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі таңда онда күнделікті Атырау-Сарайшық-Жалғансай бағытында қатынайтын автобус бар. Ол  автовокзалдан белгілі бір уақытта графикпен жүреді. Автобустан бөлек, «Дина» базарынан жүретін таксилер де баршылық.

Қасиет Бахкерейқызы