Перинаталдық орталықта соңғы жылдары жиілеген сәбилердің өлім-жітіміне желдету жүйесінің дұрыс жұмыс жасамауы себеп болып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев әлеуметтік желіде тікелей эфир барысында айтты. Яғни, желдету жүйесіндегі ақау салдарынан жұқпалы аурулар тарайды екен.
Қазір аталған орталық ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұған жергілікті қазынадан 966 млн 579 мың теңге бөлінген. Орталықты пайдалануға беру мерзімі тамыз айынан қазан айына ауыстырылған болатын. Енді жыл соңында ашылады деп күтілуде. Себебі, желдету жүйесіне қатысты жұмыстар әлі аяқталмаған. Қалай болғанда да, ауа сапасы бұл орталықта өте маңызды роль ойнайды.
"Орталықты қолданысқа беру уақытының кейінгі шегерілуіне тағы бір себеп – ғимараттың сырт келбеті. Қара түске боялған орталық түрмені еске салады. Сондықтан біз бұл жұмыстарды қабылдамадық. Бұл – кезінде мердігер компания жіберген олқылық. Яғни, құжатта қоңыр түс көрсетілген болатын, ал, мердігер бұған назар аудармаған" дейді Ж.Орақұлы.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ