Атыраудағы Ретросаябақ жабыла ма?

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ажарынан айырылған ретросаябаққа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Кезінде 3 млрд теңгеге салынған саябақтың қазіргі күйі адам көргісіз.
"Ретросаябақ ең тамаша демалыс орны еді. Оның ашылуына өзім де қатысқан едім. Өкінішке орай, оны сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер өз жоспарларын жүзеге асыра алмады. Бұған алдымен пандемия, кейін басқа да мәселелер бөгет болды. Әу баста мұндай орындарды мемлекеттен алып жекеге берген жөн деген пікірлер айтылды. Оның неге әкеліп соққаны бәрімізге белгілі болып отыр. Енді саябақты қаланың теңгеріміне беру жұмыстары жүріп жатыр" деді Серік Жамбылұлы.
Сондай-ақ, «Жылыой Су»кәсіпорны да кезінде сенімгерлік басқаруға берілген болатын. Мұнда да кәсіпкер уәдені үйіп-төккен екен. Бірақ, айтқан сөздерінің бәрі де желге ұшқан. Онымен қоймай, тариф құнын көтеріп, қарызға белшесінен батқан. Қазір бұл кәсіпорынды да мемлекетке қайтару үрдісі жүруде.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: Аружан Ажимкулова