2024 жылғы 22 қарашада "Қыс-2024" Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының практикалық кезеңі «Атырау облысы Су Арнасы» КМК аумағында және «Атырау-Орал» тасжолы бойында өткізілді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Оқу-жаттығудың практикалық кезеңінде шартты түрде «Атырау облысы Су Арнасы» КМК аумағында хлор төгіледі. Құтқарушылар орын алған төтенше жағдайды жою бойынша авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді. Аталған мекеменің сүңгуірлері, «Атырау-Жарық» АҚ қызметкерлері бірлесіп қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.
Практикалық кезеңнің екінші бөлімі Республикалық маңызы бар "Атырау-Орал" тас жолы бойында өткізілді. Шартты түрде ауа-райының күрт өзгеруі нәтижесінде жол-көлік оқиғасы орын алады. Атырау облысы ПД және жол ұйымдарымен бірлесіп жолдарды жабу бойынша іс-қимылдар пысықталды. ТЖД құтқарушылары жол талғамайтын ШЕРП автокөлігі және Атырау облысының Ұлттық Ұлан сарбаздары арқылы қар құрсауында қалып қойған тұрғындарды эвакуациялады. Құтқарылған тұрғындар Ж. Нажмиденов атындағы № 2 жалпы білім беретін орта мектепте ашылған қалалық эвакуациялық жылыту пунктіне жеткізілді. Зардап шеккен тұрғындарға ҚР ТЖМ "Апаттар медицинасы орталығы" ММ филиалының шұғыл әрекет ету бригадасы мен психологы шұғыл медициналық-психологиялық көмек көрсетті.
Атырау облысында "Қыс-2024" РКШОЖ практикалық кезеңіне 67 адам және 12 бірлік техника жұмылдырылды.