Атыраудағы №1 «Сәби әлемі» бөбекжай-бақшасын жөндеумен айналысқан мердігер жосықсыз деп танылды

Қаладағы «Авангард-3» шағынауданында орналасқан №1 «Сәби әлемі» бөбекжай-бақшасының күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысқан жауапсыз құрылыс компаниясы сот шешімімен жосықсыз деп танылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында мәлім етті.

«Теплоэнергострой» ЖШС келісім шартта көрсетілген мерзімде  жұмысты аяқтамағандықтан заң аясында  сотқа бердік. Сот шешімімен ол компания жосықсыз деп танылды. Енді соттың шешімі күшіне енген соң қайтадан конкурс жариялап, бөбекжай-бақшаның күрделі жөндеуін жалғастыратын басқа мердігер компанияны анықтайтын  боламыз», - деді А.Дүйсекенова.

№1 «Сәби әлемі» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Лиана Қадырбаеваның айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары 2023 жылғы ақпан айында басталған. Бұл мақсатта келісім шарт бойынша жалпы 511 млн 872 мың 641 теңге ақша бөлініпті.

«Теплоэнергострой» ЖШС балабақшаның жөндеу жұмысын былтыр қазан айында аяқтап, тапсыруы тиіс еді. Алайда балабақша ішінің алқа-салқа болып тұрғанына тура бір жыл болды. Былтыр қыркүйек айында Атырау қаласы прокурорының орынбасары Мирас Жалмурзин "Сәби әлемі" балабақшасына барғанда жұмыстың баяу жүріп жатқанын айтып, сынға алған еді. 

Мектепке дейінгі мекеменің іргетасы 1977 жылы қаланған және жөндеу жұмыстарына дейін 400 бүлдіршінге тәрбие берілді.   

Айта кетейік, Атырау қаласында 45 мемлекеттік және 95 жекеменшік балабақша жұмыс істейді.

Эльмира Мықтыбаева