Атыраудағы “Нартайлақ” балабақшасында саусағынан айырылған қыздың әкесі мәлімдеме жасады

Бүлдіршіннің әкесі кеше  «Нартайлақ» жекеменшік балабақшасында болған оқиғаға байланысты мектепке дейінгі мекеменің әкімшілігінен қызының емделуіне көмек беруді талап етіп отыр, деп хабарлайды AtyrauPress.

 

Еске салайық, кеше, 26 маусым күні Атырау қаласындағы жекеменшік балабақшалардың біріндегі ойын алаңында үш жасар бүлдіршін жарақат алған еді. 

Салдарынан қыздың сол қол саусағының жартысы жұлынып кеткен. Қыздың әкесі Ержан Тәженовтың айтуынша, балабақша әкімшілігінен кешеден бері ешкім хабарласпаған. Мұны ол «Нартайлақ» жекеменшік мектепке дейінгі мекеме басшылығы жауапсыздық пен салғырттық танытты деп отыр. 

“Қызымның тәрбиешісі жасы үлкен әйел. Ол бір сәтке алшақтаған сәтте осы оқиға орын алды дейді. Тәрбиешілер мардымды ештеңе айта алмай отыр. Баланың саусағын еті мен сүйегімен бірге жұлып алатындай не болуы мүмкін? Тырнағы жұлынған деп айтып жатыр екен кейбіреулер. Жоқ, олай емес. Саусағының басы жоқ тырнағымен бірге. Әркім әртүрлі айтпасын деп өзім айтып тұрмын. Әткеншекте ойнап отырып, осындай жағдайға ұшырады деп отыр. Мен ол жерді қарап шықтым. Бейнекамера бар, бірақ онда қызымды әкетіп бара жатқан тұсы ғана жазылған. Баламызды осында сеніп тапсырдық. Салдарынан қызымыз ауыр жарақат алды,- деп шағымданды қыздың әкесі. 

Бірақ бұл оқиғадағы күмән тудыратын жағдай бар. Зардап шеккен қыздың айтуынша, сары футболка киген ұл бала оның  саусағын арқанмен байлап, тартқан. Әкесі балабақша қызметкерлерінен болған оқиға туралы бар шындықты айтуды талап етеді. Сондай-ақ, зардап шеккен баласының емделуіне көмек көрсетуін талап етіп отыр.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА