Атыраудағы мектеп басшылары мен балабақша меңгерушілерін не мазалайды? (+ВИДЕО)
Кездесуде білім ордаларының электр желілері мен трансформаторлардың, жылу қазандықтарын күтіп ұстауға, жылу маусымына дайындығын жоспарлы түрде өткізуді, мектеп, балабақша аулаларын талапқа сай көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын күн тәртібінен түсірмеуді және де аталған жұмыстарға нақты қажетті қаражаттарды анықтап, бюджеттік сұраныстарды уақытында жолға қою айтылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
- Облыс әкімі Серік Жамбылұлы білім беру саласына баса назар аударуда. Білім ордаларында қажетті қаражат көзі де тиісті деңгейде қарастырылып келеді. Осы орайда сіздерден мектеп пен балабақша ғимараттарының сыртқы жағдайы, теңгерімдеріндегі электр желілері мен трансформаторларға, жылу қазандықтарына қызмет көрсету жұмыстарын ұйымдастырып, жауапкершілікпен қарауды тапсырамын. Ауа-райы болжамына сәйкес алдымыздағы қоян жылында қатты аяз күтілуде. Сондықтан электр желілері мен трансформаторлар, жылу қазандықтарын күтіп ұстауға арнайы мекемемен келісімшартқа отырып, апатты жағдайдың туындауына жол бермеуміз қажет.
Қаламыздағы барлық мектептердің маңдайшасында алаштың арысы Ахмет Байтұрсыновтың «Мектептің жаны - мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі сондай болмақшы» деген мағыналы сөзі жазылып тұрса, болашақ ұрпақты тәрбиелеп отырған әр ұстазға ой салатыны сөзсіз. Осы мәселеге де мән беріп, мүмкіндіктеріңізге қарап ұсынысымды іске асыруды жоспарласаныздар.
Тағы бір көңіл бөлетін басты мәселелердің бірі - білім ордаларындағы аулаларында әлі күнге дейін көгалдандыру жұмыстары мен жазғы тамшылатып суару жүйелерінің орнатылмауы, қураған теректер мен толған арамшөптерді уақытылы алынбауы. Көктемгі уақытта талдарды зиянкестерден қорғайтын арнайы ерітінділерді шашып, қажетті тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмыстары мүлдем жасалмаған. Осыған байланысты аталған мәселелерді шешу үшін уақытылы қызмет көрсетуге қажетті қаражатты сұратып, арнайы мекемелермен келісімшарт негізінде жұмыстар атқарылса оң нәтиежеге жетеміз, - деді қала әкімі.
Осы өзекті мәселелердің орындалуын қадағалауды қала әкімі жаңадан тағайындалған қалалық білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекеноваға тапсырды. Жиын соңында мектеп басшылары мен балабақша меңгерушілері қала әкіміне ұсыныс-пікірлерін бөлісіп, алдағы уақытта өзара тәжірибе алмасып, аталған олқылықтарды жоюға жұмыстанатынын атап өтті.