Он жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған Атыраудағы концерт залының ғимараты сүрілетін болды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау қаласындағы 1200 орындық концерт залының құрылысын инвестициялық жобамен жандандыру мәселесі қарастырылуда. Аталған нысанның техникалық жағдайына сараптама жүргізу нәтижесінде, металды және темірбетонды конструкциялардың жарамсыздығы туралы қорытынды берілді.
- Толықтай сүріледі, орнына қайтадан жаңа концерт залы тұрғызылатын болады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жанына мұражай салынады. Қазір «BI Group» компаниясымен эскиздік жобасы жасақталып жатыр. Барлығы арнайы дайындалып жатқан жобадан кейін белгілі болады. Сол аумағы қала ма, жоқ па, ол да нақтыланып жатыр,-деді облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Н.Құсайынов.
Айта кетейік, қазіргі таңда «BI Group» компаниясы арқылы жаңа үлгідегі эскизі жасақталуда.