Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің «Қазақ ұлттық қыздар мектебі» ЖШС-не серіктестіктің білім беру қызметін тоқтату туралы азаматтық ісі бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлім етті. Өз жарғысы бойынша аталған серіктестік мектепке дейінгі сыныптарға арналған ұйым болып табылады. Алайда, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тиісті лицензиясыз мектеп жасындағы оқушыларға білім беру қызметімен айналысқан. Осылайша, «Қазақ ұлттық қыздар мектебі» ЖШС білім беру саласындағы қолданыстағы заңнамасын бұзып, лицензия болмаған кезде қызметті жүзеге асырды.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен талап қою қанағаттандырылып, «Қазақ ұлттық қыздар мектебі» ЖШС-нің білім беру қызметі тоқтатылды.
Кейін серіктестік сотпен материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, бірінші саты соты шешімінің күшін жоюды сұрады. Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы сот шешімінің заңдылығы мен негізділігін толық көлемде тексеріп, аталған істі қарау барысында бірінші саты сотымен материалдық құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген, бірінші саты соты іс бойынша дұрыс, заңды және негізді шешім қабылдаған деген қорытындыға келді. Сот шешімінің күшін жоюға негіздер анықталмаған.
Ақыры, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: "AtyrauPress"