Атыраудағы индустриялық серпін: жаңа шеберхана ресми іске қосылды


Атырау қаласындағы «Махамбет» өнеркәсіптік-өндірістік кешенінде еліміз үшін маңызды жаңа нысан – вагондық доңғалақ-жинақтау шеберханасы салтанатты түрде ашылды.

Бұл – Атырау облысындағы доңғалақ жұптарын қалыптастыру мен күрделі жөндеуді толық автоматтандырылған түрде жүзеге асыратын алғашқы кәсіпорын. Шеберхана мамыр айында өндірістік кешенді тексерістен өтіп, доңғалақ жұптарға жөндеу жұмыстарын жүргізуге және жаңа доңғалақтарды шығаруға рұқсат алды.

Нәтижесінде мамыр айынан бастап осы уақытқа дейін 300 доңғалақ жұбы жасалып шығарылды. Шеберхана 2 сағатта 1 доңғалақ шығарып, қызмет ету мерзімін 5 жыл деп бекітті. Ал бір доңғалақ жұбы 2-3 жылдан кейін күрделі жөндеуден өтеді.


Жаңа өндіріс орны өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруды, импортқа тәуелділікті азайтып, 96% жергілікті қамту үлесін көздейді. Жақын арада құйма  өндірісін іске қосу жоспарлануда.  Бұл – TEXOL компаниялар тобы жүзеге асырып жатқан ірі индустриялық жобаның бір бөлігі.