Бұл сұраққа ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Атырау облысының журналистерімен сұхбаттасу барысында жауап берді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Атыраудағы фармацевтикалық зауытты салу жұмысы 8 жылдан бері тоқтап тұр. Облыстың атқамінерлері әлі күнге дейін инвестор іздеп жатыр. Зауыттың құрылысы басталған сәтте оның Орта Азиядағы ең ірі зауыт болатыны туралы айтылған еді. Өкінішке қарай, оны іске қосуға ешкім қызығушылық танытып отырған жоқ. Мұны министр де растады.
«Жобаның ертеңгі тағдыры жоба бастамашысына байланысты. Қазір облыстық әкімдіктегілер инвестор қарастырып жатыр. Инвестор табылған кезде ғана оның құрылысы жанданады. Айта кетейін, мемлекет тарапынан базалық шарттар жасалынуда. Елде өнеркәсіпті дамыту қоры бар. Оның тарапынан биыл 500 млрд теңге капиталдандырылды. Яғни, өзінің жобасын жүзеге асыру үшін кез-келген кәсіпкер 9 пайызбен несие ала алады. Бұл тек жеке жобаларға қатысты", - деді Марат Қарабаев.
Жалпы құны 7,5 млрд теңге болатын жоба құрылысы 2016 жылы аяқталып, қолданысқа берілуі тиіс еді. Кезінде Атырауда фармацевтикалық зауыт тұрғызу үшін қомақты қаражат қаралды. Қаржының 49 пайызын «Атырау» әлеуметік кәсіпкерлік корпорациясы бөлді. Жобаға сәйкес, Атырауда 800 млн таблетка, 3 млн сықпа әртүрлі майлар және 20 млн.-ға жуық ерітінді құты шығарылады деген зауыт қаңырап тұр.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА