Атыраудағы этносаябаққа қатысты жаңа дерек пайда болды

Еркінқала аулындағы «Nurly tal» этносаябағы мемлекеттік емес, жекенің меншігі болып шықты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы аталған нысан иесі, жергілікті кәсіпкер Гүлжан Кузекешова айтып берді. Былтыр ғана ашылған этноауыл әлеуметтік жоба болғандықтан, әкімдік, дәлірек айтқанда, «СПК-Атырау» акционерлік қоғамы оған 2 гектар жер бөліпті. Сондықтан ол 3 пайызға ғана мемлекеттік. Ашылған сәттен-ақ жүздеген тұрғынды өзіне тартқан ұлттық нақыштағы нысанға шетелдік меймандар да көптеп келеді екен.  

«Жұрт ойлайды, бұл мемлекет қаржысына салынған орталық деп. Бұл олай емес. Менің бұдан да басқа кәсібім бар. Міне, соның табысымен осы этносаябақты аштым. Қажетті қаражат өз қалтамнан шықты. Мемлекеттен грант та, субсидия да алмадым. Мұны әкімдіктегілер де жақсы біледі» дейді бизнесвумен.     

 Басында саябаққа кіру ақылы – ересектерге 500, ал, балаларға 300 теңге болған. Кейін тұрғындар бұған наразылық танытыпты. Себебі, мемлекеттік деп ойлаған. Ақыры, кіру тегін болып шешілген. Тек атқа міну үшін 1000, түйеге 1500 теңге төлесеңіз жеткілікті. Ал, Наурыз, Ораза, бесік той, сырға салу, құдалық секілді ұлттық мейрам-тойларда бұл жерге сұраныс арта түседі. 

Осы орайда, кәсіпкер жаңа ұсыныстарымен де бөлісті.

«Бізге әкімдік су құбырын жүргізіп берсе екен деген тілегім бар. Қазір суды 500 теңгеге тасып әкеледі. Сондықтан оны үнемдеуге тура келеді. Ал, біз мұнда жасыл желеке жайқалтқымыз келеді. Оған көп су керек. Мен аптаның әр күнін бір тақырыпқа арнағым келеді. Мәселен, сейсенбіде экологиялық шаралар ұйымдастырылса, сәрсенбіде балалар келсе, бейсенбіде жергілікті тауарлар жәрмеңкесі өтсе, жұмада ақсақалдар, сенбіде отбасылар, ал, жексенбіні жастар бас қосса деген жоспарым бар» дейді кәсіпкер.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: Динара ҚАНБЕТОВА