Атыраудағы екі сауда орталығында халыққа мемлекеттік қызмет көрсететін орындар ашылды

Қазір ХҚКО қызметкерлері "Baizaar" сауда орталығында және "Дина" базарында мемлекеттік қызмет көрсетуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Азаматтарға арналған үкімет" Атырау облыстық филиалының PR-менеджері Орынгүл Махмудтың айтуынша, connection point – азаматтарға электрондық үкімет порталы арқылы қызметтерді өз бетінше алуға көмектесетін аумақ болып табылады. Мұнда клиенттер электронды қолтаңба алу, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, зейнетақы жинақтары туралы анықтама алу және т.б. танымал қызметтерге тапсырыс бере алады.

"Baizaar" сауда орталығының бірінші қабатында, сондай-ақ "Дина пассаж" базарының екінші қабатында азаматтар жабдықталған аймаққа келе алады, онда ХҚКО маманы қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар, Қазақстанның 20 облысында өзіне-өзі қызмет көрсететін 29 ХҚКО ашылды. Өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары СОО, базарлар, автовокзалдар және банктер сияқты азаматтар көп жиналатын жерлерде орналасқан. Бұл туралы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Өткен жылы қазақстандықтар ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында 15 миллионнан астам қызмет алған болатын. Біз ірі қалалар мен облыс орталықтарында connection point орнату арқылы жобаны ауқымды етуді ұйғардық. Біз сауда орталықтарын, базарларды, автовокзалдарды кездейсоқ таңдаған жоқпыз, ол жақтарда адам легі көп және азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету үшін біздің қызметкерлерге жүгіну ыңғайлы болады», - деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Айта кетейік, бүгінгі таңда сауда орындары мен базарларда өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы 2 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Қаңтар айында сұранысқа ие қызметтердің бірі азаматтық хал актілерін тіркеу туралы мәліметтерді түзетуге өтініш беру болды. Сондай-ақ, азаматтар "Балаларға арналған Ұлттық қор" бағдарламасына қатысу үшін балалар туралы мәліметтерді қосуға жиі өтініш берген.

Мира Нұртаева