Атыраудағы балабақшалардың бірінен жарқанаттар шықты

Ата-аналар бұл мәселені әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Мән-жайды білу мақсатында №48 балабақшаның меңгерушісі Лира Бөлекбайқызына хабарластық. Оның айтуынша, жарқанаттар шыққаннан кейін мектепке дейінгі мекемеде дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. 

«Бұл мәселе орын алған соң жертөледе дәрілеу жұмыстарын жүргіздік. Наурыз айында тағы да дезинфекция жүргізуді жоспарлап отырмыз. Балабақша қызмектерлерінің айтуынша, мұнда бұған дейін де жарқанаттар шығып жүрген екен. Ғимарат ескі. 1984 жылы салынған. 40 жыл бойы күрделі жөндеу жасалмаған. Ал мен өзім бұл балабақшаға 2022 жылдың наурыз айында тағайындалдым», - дейді Лира Досалиева. 

Ал Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіндегілердің айтуынша, былтыр тұрғындардан 112 нөмірі арқылы жарқанаттар бойынша 20 шақырту түскен екен.  Ал биыл бірде бір шағым түспепті. 

Эльмира Мықтыбаева 

Фото әлеуметтік желілерден алынды