Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы мен полицияның процессингтік орталықтары шетелдік нөмірлері бар автокөлік иелерінің көптеп келуіне байланысты күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Орталықтың іші-сырты ығы-жығы халық. Ала таңнан өз кезегін күткендердің шыдамы таусылған. Кейбірі тіпті нәр татпаған. Оған қоса, құжат толтыратын үстелдер мен орындықтар да қойылмаған. Онда келгендер еден бетіне қағаздарын жайып, құжаттарын толтыруда.
«Таңғы сағат 5-те арнайы ХҚКО-ға келіп, әлі де күтіп тұрмыз. «Нұрсая» шағынауданындағы полицияға бардық, олар түске дейін құжаттарды қабылдап, содан кейін бізді авто ХҚКО-ға жіберді, мұнда тағы да күтіп тұрмыз. Біз тіпті түскі асымызды да ішпей, мұнда таңертеңнен кешке дейін жүрміз», - деді сонда кезегін күтіп тұрғандардың бірі.
Атырау облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының PR менеджерінің уақытша міндетін атқарушы Гүлмира Лесерованың айтуынша, 17 шілде күні мамандандырылған көпфункционалды орталықтың бөлімінде 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру үшін адамдар көптеп жиналған.
Сонымен қатар, әр түрлі кеңес алуға келетін тұрғындар арасында кезек саны артып азаяр емес.
Көпфункционалды орталықтың мамандандырылған бөлімі күніне 1000-ға жуық адамды қабылдайды. Мәселен, кеше, 17 шілдеде 218 адамға қызмет көрсетілді.
Айта кетейік, мамандандырылған ХҚКО-да 29 маман жұмыс істейді. Алайда олардың барлығы жұмыс орындарында жоқ болып шықты. Атап айтқанда, жеті адам денсаулығына байланысты ем алып жүрсе, ал қалғаны демалыста екен.
Бүгінгі күнге дейін полицейлер арнайы ХҚКО-да жұмыс істемеген. Қызметтің жаңа түрі (заңдастыру бойынша) қосылғанына байланысты ХҚКО қызметкерлеріне полицейлер көмектесіп жатыр.
Айта кетейік, биыл 23 қаңтарда көлікті заңдастыруға және уақытша есепке қою басталды.
КР Үкіметінің №13 қаулысына өзгертулер енгізіліп, 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін өтінім берген өзге елдің есебінен шықпаған автокөліктерді уақытша тіркеу процесі 17 шілде күні басталды. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында полиция қызметкерлеріне тиісті құжаттарды тапсырып, заңдылығы тексерілгеннен кейін, өтінім кері беріледі. Орталықтағы криминалист мамандармен автокөлік тексерілгеннен кейін 15 мың теңге мөлшерінде алым төленіп, 5 жылға уақытша есепке қойылады.
Уақытша есепке қою кезінде ҚР көлік құралын тіркеу туралы куәлігі және мемлекеттік нөмірлік белгілері берілетін болады. Тіркеу туралы куәлікте «уақытша есепке алу, иеліктен шығару және ҚР тыс жерлерге шығу құқығынсыз» деп жазылады.
«Егер автокөліктерді Қазақстанда бастапқы тіркеуді жүзеге асыру туралы шешім қабылдаса, алдымен, бұрынғы тіркелген елінде есептен шығарылып, 200 мың теңге мөлшерінде бастапқы тіркеу үшін алым төленетінін естеріңізге саламыз», - деп хабарлады Атырау облысының полиция департаментіндегілер.
Қасиет Бахкерейқызы