Атыраудағы апатты үйлердің тағдыры белгілі болды...

Қазір өңірде көппәтерлі 112 апатты үй есепте тұр. Оның 82-сі – Атырау қаласында, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы бізге облыстық энергетика кешені және тұрғын үй-коммуналдық сала бөлімінің басшысы Гүлфайруз Өмірғалиева мәлім етті. Оның айтуынша, биыл қосымша тағы 24 үйге техникалық зерделеу жұмыстары жүргізілген. Арнайы құрылған  комиссиямен олардың құжаты қаралып, нәтижесі шыққан соң тізімге қосылады екен.

"2029 жылға дейін апатты үй мәселесін кезең-кезеңмен шешу үшін әкімдікпен Жол картасы бекітілді. Жыл сайын тұрғындарды көшіру шаралары жүргізілуде. Мәселен, былтыр Атырау қаласы, Индер, Жылыой аудандарында 8 апатты үй  (64 пәтер) тұрғыны көшірілсе, биыл Құлсары қаласында 8 апатты үй (60 пәтер) тұрғыны «NCOC» компаниясы арқылы салынған  үйге көшірілді. Бұл мәселе бюджет есебінен және жеке инвестор тарту тетігімен реновация бағдарламасы шеңберінде шешілуде" дейді ол.

Биыл бюджет есебінен Индер ауданында 3 үйдің тұрғынын көшіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Атырау қаласы Верхний көшесі бойында бесқабатты 30 пәтерлік үйдің құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ