Бұл туралы Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биыл туризм саласын цифрландыру мақсатында 6 туристік нысанға, яғни Сарайшық қалашығы, Сарайшық музей қорығы, Хиуаз Доспанова, Жұмекен Нәжімеденов, Дина Нұрпейісова және Құмаршық ескерткіштеріне QR-кодтар орнатылды. Туристер 5 тілде ақпарат алып, 3D көрінісінде саяхаттай алады.
- Алдымен смартфон не планшетке Play Market және App Store-дан «Tarihi jol» қосымшасын жүктеп алып, тақтайша бетіндегі QR-кодты сканерлеу керек. Осы арқылы ескерткіш жайлы ақпаратты өзі қалаған тілде ала алады. Мәселен ұялы телефон арқылы "Сарайшық" қалашығы кіреберісіне орнатылған QR-кодты сканерлесеңіз, онда бұл нысан қай жылы қойылғаны және тарихы туралы толық ақпарат береді, - деді Н.Жаңабеков.
Айта кетейік, өңірде 4 республикалық, 313 жергілікті маңызы бар ескерткіш тіркелген. Бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай жалғаса бермек.