Атырауда қайта жаңғыртуға байланысты Сырым Датов көшесінің жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады.
Бұл туралы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Өндірістік-техникалық секторының бас маманы Ержан Хайноллаев мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бірінші кезеңде Азаттық даңғылынан бастап Қиғаш көшесіне дейін және екінші кезеңде Баймұханов көшесінен Әбдірахманов көшесіне дейін қайта жаңғырту жүргізіледі. Төрт жолақты жолдың жалпы ұзындығы 4,69 шақырымды құрайды.
-Жол құрылысын Атырауинжстрой мердігерлік ұйымы жүргізуде. Қайта жаңғырту жобасы аясында жолдың ені 8 метрден 14 метрге кеңейтіледі. Сондай-ақ, екі жаяу жүргінші жолы қарастырылған. Заманауи көше шамдарымен жабдықталған 4 жабық және 8 ашық аялдама орнатылады. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетін болады, деді Е.Хайноллаев.
Айта кетейік, жол құрылысы жұмыстарына байланысты қалалық автокөліктердің жол қозғалысы уақытша өзгерді. Аталған көше жыл соңына дейін толық пайдалануға берілмек.