Атырау қаласына жаз мезгілінде көрік беріп тұрған субұрқақтар жиі ластанатындықтан, қызмет көрсетуші серіктестік оларды дембе-дем тазалауға мәжбүр, деп хабарлайды ATPress.kz.
Атыраудағы 30 субұрқақты күтіп ұстау жұмыстарымен «Samgau-2030» ЖШС-нің 10 жұмысшысы айналысады. Әрқайсысын тазалауға шамамен 2-3 күн кетеді екен. Серіктестік жұмысшыларының айтуынша, субұрқақтардың құтысы жиі ластанады. Өкінішке қарай, қала тұрғындары оның ішіне түрлі ұсақ-түйек қоқыс тастайды.
- Көп ретте балалар ластайды. Олар осында шомылады, енді бірі аяқ-қолдарын суға салып отырады. Кейбірі ұят болса да айтайын, кіші дәретін жібереді. Ал ата-аналары болса соған қарап мәз болып тұрады. Қой деп айтатындары санаулы. Ол аз десеңіз, түнде үй- жайы жоқтар шомылады, қаңғыбас ит пен мысықтар үшін де паналайтын орынға айналады. Қала берді құстар да ластайды, - дейді субұрқақтың ішін тазалап жүрген жұмысшылардың бірі.
Десек те, кей субұрқақтар таза күйінде ұзақ тұрады екен. Соның бірі – орталық көпірден түскен кездегі айналма жолда орналасқан тұстағысы. Өйткені онда көлік қозғалысына ғана рұқсат етілгендіктен және көлік нөпірі көп болғандықтан, адамдар онда бара бермейді екен.
Субұрқақтың қауызындағы тіршілік нәрінің түсі көкшіл және иісі жағымсыз болмауы тиіс. Егер оның түсі өзгерсе, жұмысшылар тазалауға кіріседі. Субұрқақ тостағаны ластана бастаған кезде оның суын ағызып, ішіндегі балдырларды қырып тазалайды. Жұмысшылар қауыз ішін щеткамен ысқылап шығады. Мұнан соң жақсылап шайып, ішін суға толтырады.
Мәселен, үлкен субұрқақтың ішін толтырған кезде 400 текше метр, ал кішісіне 240 текше метр су сияды. Әрқайсысын тазалаған сайын кемінде 2-3 күн уақыт өтеді. Субұрқақтардың іші кем дегенде жұмасына бір рет тазаланып тұруы тиіс.
Бес жылдан бері субұрқақтарды тазалап, оған қараумен айналысып келе жатқан «Samgau-2030» ЖШС-нің техникалық бөлімінің шебері Дамир Кушимовтың айтуынша, Атырау қаласында 30 субұрқақ бар. Әрдайым тұрғындармен қауіпсіздік ережелері бағытында жұмыстар ұдайы жүргізіліп отырады.
- Субұрқақтың басты қызметі – жаздың ыстық күндерінде жұртшылыққа салқын самал есіп, қала келбетіне көрік қосу. Ондағы суға түсуге қатаң тыйым салынған. Біріншіден, дымқыл гранитте сырғып құлау қаупі бар. Екіншіден, электр кабелі зақымдалған болса, ток соғуы мүмкін. Сондықтан аяғын, не қолын салып ойнауға болмайды. Үшіншіден, жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі бар, - дейді Д.Кушимов.
Субұрқақтардың тостағаны жіті тазаланып болған соң су жиналып, оған арнайы химиялық қоспа салады. Бұл әрекет судағы бактерияларды жоюға мүмкіндік береді. Д.Кушимовтың айтуынша, субұрқақтарға ауыр химия қосылмайды. Өйткені қанша ескертілді дегенмен, кішкентай балалар ол суды ойнап жүріп ішіп қоюы мүмкін.
Айта кетейік, қаладағы субұрқақтар қазанның ортасына дейін қосулы тұрады.