Атыраудағы шекара қызметі маңызды мәлімдеме жасады

Соңғы кезде шекарадан заңсыз өтушілер қатары көбейген, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 36 бабының 1 тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасын қорғау - оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті екендігі көрсетілген. Атырау облысына қарасты елді мекендердің Мемлекеттік шекара маңына тығыз орналасу ерекшеліктерін ескере отырып, Мемлекеттік шекара маңындағы тұрғылықты, шаруашылықпен айналысушы және келіп-кетуші азаматтар назарына тағы бер рет Мемлекеттік шекара күзетінің маңыздылығы мен тәртіптері туралы тоқталып өтуді жөн көрдік. Бұл үшін біз ҚР ҰҚК Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаментінің ақпарат бөлімінің офицері, аға лейтенант Өмірбат Айтәлінің көмегіне жүгіндік.

"Егемендік алғалы бері шекара сызығымыз шегенделіп аумағы айқындалды. Еліміздің көптеген аймақтары, елді мекендері Мемлекеттік шекара шебіне жақын орналасқан. Соның бір мысалы, Атырау облысы Ресей Федерациясы және Каспий теңізі арқылы төрт бірдей мемлекетпен шекараласады. Шекара маңында орналасқан жергілікті тұрғындар шекара маңында жүретін қарапайым қағидаларды жиі ұмытып, салғырттықтар таныту салдарынан Мемлекеттік шекарада өздерінің қасиетті борыштарын орындап жүрген шекарашылар арасында нақты Мемлекеттік шекара бұзушысын танып білуде және оларды тұзақтауда бірқатар қиыншылықтар тудыратындығы рас" дейді ол.

Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ел тыныштығы үшін атқаратын жалпыға бірдей істі жүйелендіру мақсатында, Мемлекеттік шекара аймағында әрекет ететін режимдерін барша азаматтар бір адамдай басшылыққа алуға шақырамыз. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 16 сәуірдегі №356 қаулысымен Мемлекеттік шекарадан ені 50 метрге дейін – карантиндік жолақ, 100 метрге дейін – шекаралық белдеу, 25 шақырымға дейін – шекаралық аймақ болып бекітілген, яғни осы көрсетілген аралық ішінде кез – келген адам жеке басын куәландыратын құжатпен жүруі міндеттелетіндігін тағы бір рет ескеріп өтеміз. Сондай ақ, шекара аймағында жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген азаматтар анықталған жағдайда, Шекара қызметінің өкілі Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 510 бабында көрсетілген талаптар негізінде заң алдындағы жауапкершілікке тартуға құзырлы және міндетті екендіктері жайында білгендіктері абзал. Мемлекеттік шекара күзетіне атсалысу әрбір азаматтың борышы. Ол жайында Қазақстан Республикасы Үкіметнің 2013 жылғы 27 тамыздағы №866 қаулысында да ескерілген.

Айта кетейік, Атырау облысына қарасты Мемлекеттік шекара сұрақтарына қатысты немесе шекара маңында орын алған оқиғалар туралы әрбір азамат 8 (7122) 20-53-54 телефон нөмірі арқылы Шекара қызметімен тікелей байланыс орната алады.