Атыраудағы өзендер суының тексеріс нәтижесі шықты

Атырауда Шарон мен Қиғаш өзендерінің суы тексерілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Биыл қазан айының соңында Ресей Федерациясы Волгоград қаласының аумағындағы кәріз коллекторында ірі коммуналдық апатты жағдай орын алды. Салдарынан кəріздік ағынды сулар Еділ өзеніне түсіп, Қиғаш өзені арқылы Қазақстан аумағына да еніп, тұрғындарға қауіп төндірген еді. Осыған орай, жергілікті экологтар Ресеймен шекарадағы Қиғаш өзені суының сапасын тексерген болатын. Оның нәтижесін біз Атырау облысының бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Сырым Тілегеновтен сұрастырып білдік.

«Ресеймен шекарадағы Қиғаш өзенінен су сынамалары 10 компонентке байланысты алынды. Оның ішінде азот, сульфат, нитраттар, мұнай өнімдері, хлорид жəне басқа да құрамдас бөліктер бойынша іріктелді. Тексеру нəтижесінде Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің суында нормативтердің белгіленген шамадан асу дерегі тіркелген жоқ» дейді ол.

Нақтырақ айтқанда, Еділ-Шарон және Қиғаш өзендерінен су сынамалары алынып, 3-7 қараша аралығында үш сынақ жүргізілді. Нәтижесінде, еліміздің Ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы 16 наурызда №209 бекітілген

«Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары бұйрығымен бекітілген нормадан асу фактілері орын алған жоқ. Атырау облысы бойынша экология департаментінің мамандары осылай деп отыр.

Айта кетейік, бұдан басқа да осы тектес мониторинг жұмыстары «Қазгидромет», Ұлттық Сараптама Орталығы РМК Атырау облыстық филалдарымен  жүзеге асырылып отырады.

Фото: иллюстратив