"Өркен мөлтекауданында жаңа емхана құрылысы биыл басталады" деп хабарлайды ATPress.kz
Бұл туралы Атырау қалалық №4 емхана директоры Еркін Сабиров мәлім етті.
№4 Атырау қалалық емханаға Балықшы, Жұмыскер, Өркен, Водников, Курилкин, Тасқала елді мекендерінен 57300 тұрғын тіркелген.
Оларға қолжетімді медициналық көмек ұйымдастыру мақсатында Ақжайық, Жұмыскер елді мекендерінен қосымша ғимараттар жалға алынып, жұмыстар ұйымдастырылып жатыр.
Осыған орай, биыл Өркен мөлтек ауданынан күніне 250 тұрғын қабылдайтын емхананың құрылысы басталмақ.
- Өркен ықшам ауданында 3 қабатты жаңа емхананың құрылысы қыркүйек айында басталады деп жоспарланып отыр.
Ол Балықшы мөлтек ауданында орналасқан №4 емхананың бөлімшесі болады. Қазір Жұмыскер, Өркен, Рембаз мөлтек аудандарында шамамен 20 мыңға жуық тұрғын бар.
Олар акулист, гинеколог секілді мамандарға қаралу үшін Балықшыға барады.
Енді Өркендегі емхана пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындар көп уақыт жұмсамайды.
Кезекке тұру да азаяды. Ал Жұмыскер мөлтек ауданындағы шағын бір қабатты емхана ескіруіне байланысты жабылады деп жоспарланып отыр.
Бұл мөлтек ауданның тұрғындары Өркендегі жаңа емханаға қаралады, деді Е.Сабиров.
Қазір №4 Атырау қалалық емхана 97,8% медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Оған қоса олар жыл сайын жаңартылып отыр. Емханада қазір 57 дәрігер, 215 медбике жұмыс істейді.