Атырау облысындағы мектептерде оқушыларға қандай тамақ беріледі және кімдер тегін тамақпен қамтылған?
Ас – адамның арқауы. Дегенмен, дұрыс тамақтанбаған жағдайда өмірге қауіп төнуі мүмкін. Әсіресе, ағзасы өсіп, дамып келе жатқан балаға асты талғап беру қажеттігін жақсы түсінеміз. Осы ретте «оқушылар мектеп асханасынан қандай ас ішіп жүр?» деген сауалға жауап іздеп, «Жұмыскер» шағынауданындағы №35 мектеп-гимназиясына арнайы бардық.
Біз білім ұясына 4 сынып оқушыларының ас ішіп отырған сәтінде келіппіз. Ас мәзірінде 200 гр қарақұмық, 60 гр котлет, 60 гр қырыққабат салаты, екі тілім нан мен 200 гр кисель бар. Балалардың тәбеті жақсы. Алдына қойған асты құмарлана жеп жатты.
Бұл мектепте 1500-ге жуық оқушы бар екен. Оның 642-сі 1-4 сыныптарда оқиды. Олардың барлығы да тегін тамақпен қамтылған. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардан шыққан жоғары сынып оқушыларына да тегін ыстық тамақ беріледі. Әлеуметтік педагог Жарқын Наурызғалиеваның айтуынша, тегін тамақ берілуі тиіс оқушылардың тізімі асхана қабырғасында ілініп тұрады.
«Алдымен тізім жасаймыз. Бірақ оның өзгеретін кездері де болады. Мәселен, кей балалар намыстанып, тегін тамақтан бас тартады. Бірақ биыл ондай жағдай болмады. Керісінше, тамақтанатындар саны артып отыр», дейді әлеуметтік педагог.
9 сынып оқушысы Мәриям Жарылғаповамен сөйлескен кезде оның күн сайын асханадан тамақ алатынын білдік.
- Таңертең үйден шай ішіп келсем де, асханаға келемін. Мен коржикті 150 теңгеге, бәліш пен пицаны 200 теңгеден аламын. Шырын алғым келеді. Бірақ ол қымбат. Сондықтан суды үйден ала келемін. Бір айда шамамен 5 мың теңгеден астам ақша жұмсаймын, - дейді оқушы.
№35 орта мектепте «Ізбасова» ЖК аспаздары 8 жылдан бері балаларға тамақ даярлап келеді. Бас аспаз Алмагүл Нұрсұлтанованың айтуынша, балалар сорпаны жақсы көреді, етті де жақсы жейді екен.
- Оқушылар сұйық тамақты ұнатады. Кисель, шырын, компотты жақсы ішеді. Мәселен, бірінші сыныпқа келген балалар алғашында қарақұмықты жегісі келмейтін. Уақыт өте келе оны тәбетпен жейтін болды. Өкінішке қарай, салат қалып кетеді. Алдын ала 5 күндік мәзір жасалынып, бекітіледі. Асханада рұқсат етілмеген тағамды сатпаймыз. Бірақ алма шырыны мен су сатылымда бар, - дейді бас аспаз.
Жалпы, бір оқушының ыстық тамағы күніне 450 теңгені құрайды. Ал былтыр 300 теңге болған еді. Егер балаңыз күн сайын мектептен толыққанды ас ішсін десеңіз, қалтасына осы сомада ақша салып бересіз. Ал егер бір бәліш пен шай ішсін десеңіз, 220-250 теңге аралығында ақша беруіңізге тура келеді. Басқа да астың бағасын төмендегі фотодан көре аласыз.
Оқушылардан «мектепте қандай ас ішкенді ұнатасыңдар?» деп сұрағанымызда, ұлдар жағы манты, кәуап, ал қыздар макарон жақсы көретіндерін айтып, бір күлдірді. Баламысың деген осы шығар.
Айтпақшы, асханадағы ыдыстардың барлығы біркелкі аппақ. Ернеуі ұшқан, сынған, сызат түскен ыдыстарды байқамадық. Бас аспаз бұл ыдыстарды Түркиядан тапсырыспен алынғанын және баланың қолынан абайсызда түсіп кетсе де, оңайлықпен сына қойматын ыдыс деп түсіндірді.
Мектеп асханаларында қуырылған бәліш, газды және энергетикалық сусындар, консервілер, майонез қосылған салаттар, чипсы, кептірілген нан (кириешки), гамбургерлер, «фаст-фуд» тағамдарын сатуға тыйым салынған. Асханадан тізімдегі тамақтың бірін де көрмедік.
Жуырда Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектеп асханаларындағы тамақ пен сусын бағасының әлі де төмендемей тұрғанын сынға алды. Сондықтан арнайы нормалар қабылданғанын және арнайы жұмыс тобы құрылатынын айтып еді.
Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова өзінен сұхбат алған журналисті Парламент асханасына апарды. Онда самса 160 теңге, круассан 150 теңге, сэндвич 250 теңге, гамбургер 500 теңге тұрады екен. Бұдан соң әлеуметтік желі қолданушылары депутаттар асханасы мен мектеп асханасындағы бағаны салыстырып, ашуға бой алдырған-ды. Мәселен, мектепте самса 200 теңге тұрса, Парламентте 160 теңге.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Дүйсекенованың айтуынша, Атырау облысында 1-4 сынып оқушылары 100% , ал атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасынан шыққан 2 мың бала мен 61 тұл жетім студент бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылып отыр.
Айта кетейік, Атырау қаласы бойынша асханасы жоқ 8 мектеп бар. Онда оқушылар ішетін ас арнайы тасымалданады.