2023 жылдың мәдени-көпшілік іс-шаралар жоспарына ұсыныстарды жинақтау мақсатында әлеуметтік сауалнама жүргізілді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Атырау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мәлімдеді.
Басқарманың бастамасымен болған сауалнама қорытындысы бойынша мәдениет саласындағы жұмыс жоспарына тұрғындар тарапынан 43 нақты ұсыныс түсті. Олардың арасында жастарға арналған іс-шаралар, отбасылық тәрбиені, жергілікті ақын-сазгерлердің шығармаларын насихаттау, суретшілердің көрмесі, фестивальдар, айтыс өткізу, тарихи тұлғаларды ұлығылау шаралары, ауыл шаруашылығы саласын насихаттайтын іс-шараларды ұйымдастыру, жазғы мезгілде орталық алаңдарда, саябақтарда жергілікті өнерпаздардың концерттерін ұйымдастыру, т.б. ұсыныстар бар.
Ұсыныс-пікірлер талқыланып, олардың кейбірі облыстық мәдени-көпшілік іс-шаралар жоспарында көзделгендігі анықталды. Мәселен, Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Сонымен қатар айтыс, классикалық музыка кеші, жергілікті әншілер, композиторлар, өнерпаздардардың концерттік бағдарламалары, жыршы, термешілер байқауы, әртүрлі фестивальдар, патриоттық әндер байқауы, жергілікті сазгерлердің байқауы, суретшілердің симпозиумдары, туған жерді насихаттайтын көшпелі көрмелер сияқты іс-шаралар жылдық жоспарға енгізілген.
Жинақталған ұсыныстардың арасында мектеп жасындағы балалар мен жастарға арналған іс-шараларға қатысты ұсыныстар облыстық Білім беру және ішкі саясат басқармасына ұсынылады. Сонымен қатар қалалық және аудандық деңгейде өткізілетін іс-шараларға қатысты ұсыныстар жергілікті атқарушы органдарға жолданады.
Мәдениет саласына қатысты кейбір ұсыныстар облыстық көркемдік кеңестің қарауына жолданып, мақұлданған жағдайда, облыстық жоспарға енгізілетін болады.