Атыраудағы "Исатай - Махамбет" алаңындағы инсталяция қараусыз қалған

"Исатай - Махамбет" алаңындағы инсталяция қараусыз қалып, тоз-тозы шығып тұр, деп хабарлайды ATPress.kz.

Әдеттегідей, кешқұрым орталық алаңда серуендеп жүріп, естелік үшін инсталяцияның алдында отбасымызбен бірге фотоға түсуге асықтық.

Өкінішке қарай, суретке түсеміз деген қуанышымыз су сепкендей басылды. Өйткені инсталяцияның сыртқы көрінісі көңіл көншітпейді.

Биіктігі шамамен екі метрден асатын әріптердің бетіндегі жабындысы жыртылған күйі жалбырап тұр.

Күн көзі күйдіріп тастағандықтан, әріптердің де, ұлттық оюлардың да бояуы кетіп одан сайын сұрықсыздана түскен.

Алаңның қақ ортасында Қ.Сәтпаев көшесіне қарап тұрған бұл жазу қаланың  келбетіне шырай қосудың орнына, керісінше оның сәнін кетіріп тұрғандай.

Салыстыру үшін оның алғаш қойылған кездегі фотосымен бөлісуді жөн санадық. Көз тартарлық-ақ!

(Фото авторы Ерлан Алтыбаев)

Бұл конструкцияға не қалалық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімі, не қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі жауапты емес екен. Екі бөлім жауапкершілікті  бір-біріне сырғытумен болды.

Десек те, араға екі апта уақыт салып қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Құралай Құмаровадан қандай да бір ақпарат алуға мүмкіндік болды.

- Бұл «әріптер» 2019 жылы Атырау қаласының күнін тойлау кезінде сахналық безендіру ретінде орнатылған. Келісім-шарт «Құрманғазы» мәдениет үйі мен мердігер арасында жасалған. Яғни, конструкцияны тұрғызуға қала күнін атап өту мақсатында қалалық бюджеттен безендіруге бөлінген жалпы қаржының ішінен ақша жұмсалған. 2019 жылдың желтоқсанында келісім-шарт мерзімі аяқталып, алаңдағы бұл инсталяция ешқандай бөлімнің еншісіне өтпей қалып қойды. Алдағы уақытта оны тұрған жерінен алып тастаймыз немесе қайта жаңартамыз деген жоспар бар, - дейді Қ.Құмарова.

Ал қазір қалалықтар мен оның қонақтары (шетелдіктер де бар) ATYRAU инсталяциясының алдында фотоға түсіп мәз.