31 «тамыз», 2022 297

Атыраудағы ең жас ақын аймақтық айтыстың бас жүлдесіне ие болды

 Атыраудағы ең жас ақын аймақтық айтыстың бас жүлдесіне ие болды

Атырау облысы Кеңөріс елді мекенінде ҚР Конституциясы күні мен Сүлеймен Акдрашевты еске алуға арналған батыс аймақтық республикалық ақындар айтысы өтті, деп хабарлады ATPress.kz.

Айтысқа Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарынан жиырма ақын қатысты. «Жаса Қазақстан» деп аталған жыр додасында ақындар елдік тақырыбы мен Атырау жастарының алды болған білікті, белсенді азамат Сүлеймен Акдрашевтың қысқа да болса ғибратқа толы өмір жолын тілге тиек етті.  Қазылар құрамында ҚР жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, белгілі қаламгер Мереке Құлкенов, ақын  Ақберен Елгезек, ҚР жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының  төрағасы Қойшығұл Жылқышиев және Атырау айтысының анасы Жәниба Қарасаева болды.

Ұлықбек Есдәулет, ҚР жазушылар Одағының төрағасы:


«Ел іші – өнер кеніші» деген сөз тегін айтылмаған ғой. Осы айтыста елге таныла қоймаса да сөздері мірдің оғындай, төселіп қалған ақындарды көре алдық. Бұл ұлттық өнердің қасиетін ұғынатын ұрпақтың өсіп келе жатқандығын білдірсе керек».  


Айтыстың ең жас ақыны - атыраулық Батыржан Кәдірбай бас жүлдені қанжығалады. Бірінші орын маңғыстаулық Абай Жолмағамбетовке бұйырса, екінші орындарды Батыс Қазақстан облысынан келген Мұрадым Мерланов пен атыраулық Серікбол Панабердиев еншіледі.  Ал, үшінші орындарды Атырау облысының ақыны Нұрбек Сарбасов, Маңғыстаудың мықтысы Арғынбек Қалбаев, ақтөбелік  шайыр Қайырхан Жұбаниязовтар  бөлісті.