Облыс орталығында өткен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне мыңнан астам адам түйіндемесімен келді, деп хабарлайды ATPress.kz.
Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтк бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Оған облыстағы 34 ірі меке қатысып, 940 ваканттық жұмыс орындары ұсынылды. Оның ішінде: «Tenaz Management», «ККТС», «Буркит Сэйфти», «Сенімді Құрылыс», «ЮСС Суппорт Сервисез», «НКОК» филиалы, «Велесстрой», «FSSA», «Атырау жылу орталығы» АҚ, «Фиркрофт Инжиниринг Сервисиз Лимитед Қазақстан», «Болашақ Атырау», «АНПЗ», «Сичим С.п.А Казахстан» компаниялары.
Жәрмеңкеде негізінен жастар мен «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Келешек кенею» жобасынан босатылған қызметкерлер үшін бос жұмыс орындары ұсынылды. Естеріңізде болса, осыған дейін мұнай компаниясынан 7 мыңнан астам адам қысқартуға ұшырайтыны туралы айтылған еді.
Ұсынылған 940 жұмыс орнының 553-і жұмысшы мамандықтары бойынша, яғни техникалық құбырларды монтаждау және жөндеу слесарі, электрик, құбырмонтаждаушы, дәнекерлеуші, көлік жөндеу слесарі, электрмонтаждаушы, бақылау және өлшеу аспаптарын монтаждаушы, жүргізуші, жүк тасушы, жол жұмысшысы, оператор, дефектоскопист, экскаватор, бульдозер машинисі, аспаз, аспаз көмекшісі, кондитер, наубайханашы, ет шабушы, ас бөлме қызметкерлері, тазалаушы, кір жуушы, жөндеуші, түрлі бағыттағы операторлар, жұмысшы және тағы да басқалары.
Инженерлік бағытта 387 вакансия ұсынылды. Атап айтқанда инженер-технолог, инженер-электрик, өндіріс инженері, сапа инженері, модельер-конструктор, техника қауіпсіздігі инженері, дәнекерлеу инспекторы, түрлі саладағы технологтар, менеджерлер, учаске шебері және тағы сол секілді мамандықтар.
Жәрмеңкеге келіп, түйіндемелерін өтікзген азаматтар жұмыс орындарында тестілеу арқылы жұмысқа қабылданады.
Айта кетейік, жыл басынан бері Атырау облысында 26 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді. Оған 239 жұмыс беруші мен екі қолға бір күрек іздеп келген 3 330 адам қатысты. Жәрмеңке барысында бос вакансия ұсынылып қана қоймай, пайдалы ақпараттар мен кеңестер берілді. Сондай-ақ, жұмыспен қамту саласында енгізілген өзгерістер мен әлеуметтік қолдау шаралары таныстырылды.
Жәрмеңкеге қатысушыларға «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба туралы да толықанды мағлұмат берілді.
Жалпы, облыста 13660 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.