Облыс орталығындағы Binom мектептеріне тізім жасақтау арқылы қабылдау емес, мониторинг жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Қала мектептерінде екі күннен бері мұғалімдер ата-аналарға “Binom мектебіне баласын ауыстырғысы келе ме?” деген сыңайда хабарлама таратқан. Мұны естіген ата-аналар жаңа мектеп пайдалануға беріледі екен деп түсінген. Бірақ қаланың қос шағынауданында бой көтерген білім ұяларының құрылысы әлі аяқталмаған. Осы ретте біз қалалық білім бөлімінің жалпы білім беру секторының меңгерушісі Ақмарал Ермековаға хабарластық. Оның айтуынша, білім бөлімі тарапынан 24 қаңтарда қаланың барлық 63 мектебі директорларынан Binom-ға ауысқысы келетін оқушылар саны сұралған.
“Мұны біз алда-жалда жаңа мектепке ауыстырайық деп сұрамадық. Керісінше, Binom-ға неше оқушы ауысқысы келеді, олардың нешесі қазақ және орыс тінде оқиды, жасы қаншада деген мақсатта жалпы санын анықтағымыз келді. Балалардың аты-жөнін жазып, тізім жасап жатқан жоқпыз. Сондықтан даурықпауға шақырамын” деді А.Ермекова.
Жаңа мектептерге балалардың әлі қабылданбайтыны жайлы Binom.school Instagram парақшасында да жазылған.
“Атырау қаласындағы Binom мектептеріне оқушыларды қабылдау жүріп жатқан жоқ! Барлық ақпарат көрсетілген парақша мен мектептің сайтына шығады. Біздің жарияланымдарымызды қадағалап отыруларыңызды сұраймыз” деп нақтыланған.
Осыған дейін де AtyrauPress сайты Binom мектептерінің құрылысы барысымен оқырмандарды бірнеше рет таныстырған болатын.
Binom мектептері жобасының жетекшісі Нұрбол Шалкеновтің айтуынша, құрылыс жоспарға сай жүріп жатыр.
“Нұрсая" және "Сарыарқа" шағынаудандарындағы BINOM мектептері 1 қыркүйекке дейін аяқталады. Мектептердің әрқайсы 2000 оқушыға есептелген. Әр білім ұясының аумағы 22 мың 400 шаршы метрді құрап, 4 қабаттан және 13 блоктан тұрады.