Атырау облысы, Қызылқоға ауданында Атырау облыстық "Бәйге" федерациясы және "QAZAQ GOLDEN STEED" компаниясының ұйытқы болуымен елімізде тұңғыш рет "Қазақстанның қолтума Алтын тайы-2022" және "Қазақстанның қолтума Алтын құнаны-2022" ат бәйгесі болып өтті.
Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Марат Әбуов пен "Qazaq Golden Steed" компаниясы қамқоршылық кеңесінің төрағасы Орынтай Әмірғалиев және Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі Ернұр Ниетжановтардың құттықтау сөздерімен ашылған дүбірлі додаға елімізден 70-ке жуық тай мен құнандар жиналды. Қазақстанда туған қол тума жүйріктердің саны бұдан да көп болар еді, алайда ұйымдастырушылар әр өңірден жүзден жүйрік шыққандарды ғана шақырған. Бәйгеге қатысушы қолтума аттардың салтанатты түрде жүріп өткен шеруінен кейін Қызылқоға ауданының құрметті азаматы, абыз ақсақал Жауқаш Тұрдағалиев өзінің ақ батасын беріп, сәттілік тіледі. Доданы Абай елінен келген есімі елге белгілі ақын Мерей Қарт жүргізді.
Тай бәйгесіне 32 үміткер қатысты. 6 шақырым шаба жөнелген 32 тайдың ішінен Жамбыл облысы, Қордай ауданының "Сакура" есімді сәйгүлігі (ат иесі Айдар Нұрмағамбетов) мәреге бірінші болып келді. Екінші болып мәре сызығын Абай облысынан келген "Ақбастау" (ат иесі Дана Алижан) атты тай қиса, үшінші орынға тағы да Жамбыл облысы, Қордай ауданынан келген "Ханшайым" атты сәйгүлік (ат иесі Ерлан Бейсеуов) ие болды. Төртінші болып ақтөбелік "Сұңқар" (ат иесі Мәлік Жантереков), бесінші болып Алматы облысынан келген Ғалымжан Нұрбаевтың тайы келді.
Бірінші болып келген тайға "Қазақстанның Алтын тайы-2022" атағы және "Ақжол" партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Ермекқали Юсупов автокөлік кілтін табыс етті. Екінші болып келген сәйгүлікке 2 миллион, үшінші келген тай иесі 1 миллион иеленді. Төртінші орын алған тай иесіне 600 мың теңге берілсе, бесінші орын алған тайдың иесі 400 мың теңгені қанжығаға байлады. Алтыншы болып келген Алматы облысының сәйгүлігі "Ақбұлаққа" (ат иесі Батырхан Елдосұлы) ынталандыру сыйлығы табыс етілді. Осыдан кейін "Қазақстанның Алтын құнаны-2022" бәйгесі басталды. 12 шақырымға созылған бұл бәйгеге 27 құнан қатысып, арасынан Жамбыл облысы, Қордай ауданының сәйгүлігі "Қамал" (ат иесі Айдар Нұрмағамбетов) қара үзіп, көмбеге бірінші келді. Осылайша шабандоз Қабыл Айтқабыл екі бәйгеден де бас жүлде ұтты.
Жамбыл облысы бәйгеден өздерінің мықты екендерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Екінші болып келген де тағы да Жамбыл облысы, Қордай ауданының сәйгүлігі "Қазына" (ат иесі Ерлан Бәйсеуов). Үшінші болып келген Алматы облысының сәйгүлігі "Рамина" (ат иесі Қайқабай Сейітжан). Төртінші орынға Абай облысынан келген "Фирдоус" құнаны (ат иесі Дана Алижан), бесінші орынға Атырау облысының сәйгүлігі "Бұйымтай" ( ат иесі Алдоңғар Мырзағалиев) ие болды. Алтыншы орын Алматы облысынан келген "Сұңқар" атты сәйгүлікке бұйырды. Шабандозы Инсар Сарманбет.
Құнан бәйгесіне тігілген автокөлікті Орынтай Әмірғалиев, Еркін Әлімқұлов секілді ұлттық спорт жанашырлары мен "Ayrumar" компаниясы ұсынса, жүлдегер атанғандар тай бәйгесіндегідей екінші орынға 2 миллион, үшінші орынға 1 миллион, төртінші орынға 600 мың, бесінші орынға 400 мың теңге қаржылай сыйлық берілсе, алтыншы келген құнан иесіне ынталандыру сыйлығы табыс етілді. "Qazaq Golden Steed" компаниясының ұйытқы болуымен елім-жерім, ұлтым деген азаматтар осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын қолға алған игілікті ісі өз жемісін берді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аталған компания республикалық "Жылдың үздік ұлттық спорт жанашыры" номинациясының жеңімпазы атануы да олардың еңбектеріне берілген баға деп білеміз. Сонымен алғашқы бәйге өтті.
Бұйырса Қызылқоғада бастау алған бұл қолтума жылқылардың бәйгесі ендігі жерде тоқтамай өтіп, қазақтың өз жылқы тұқымы әлемдік брендке айналады деп сенім артамыз. Оған біздің көзіміз бүгін нақты жетті. Алла елім деген ерлердің ісіне береке берсін! Осы игі шараны ұйымдастыруға үлкен еңбек сіңірген Атырау облыстық "Бәйге" федерациясының президенті Қайырбек Баймұратов және басқа да осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Бұл бәйгенің мақсаты - Қазақстанда туылған қолтума аттарын дамыту, насихаттау, отандық өнімді дәріптеу және еліміз бойынша қолтума тайлар мен құнандардың үздіктерін анықтау болса, ол мақсат орындалды деп нық сеніммен айтуға болады.