Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында «Зорлық-зомбылыққа ұшыраған жасөспірімдерге көмек көрсету және алдын алу» тақырыбындағы семинар-тренинг өтуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Іс-шара өмірде қиын жағдайларға тап болған балалар мен отбасыларға көмек көрсету және оң әрекет ету алгоритмін әзірлеу мақсатында ұйымдастырылған.
Атырау қаласындағы NIS педагог-психологы Раушан Бердиеваның айтуынша, семинарда әр күні зорлық-зомбылықтың белгілі бір түрін тереңдетіп талдап, оның жағдайларын тануға және уақтылы араласуға ықпал ету көзделген.
- Біздің семинарымыз балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтарға арналған. Семинар жасөспірімдерге зорлық-зомбылық көрсетудің әртүрлі аспектілерін, оның ішінде түрлерін, белгілері мен салдарын зерттеуге бағытталған. Тренингте психологтар мен әлеуметтік педагогтарға қиындыққа ұшыраған балалармен және жасөспірімдермен өзара әрекеттесу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беретін практикалық жаттығулар мен жағдайлық кейстер қарастырылған, - деді Р.Бердиева.
Семинар-тренингке Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының ауылдық тірек мектептерінің педагог-психологтары мен әлеуметтік педагогтары қатысуда.
Соның бірі, Маңғыстау облысының «Нұн Жұбаев атындағы білім беру мектебі» КММ-нің әлеуметтік педагогы Гүлжайнат Шындыбаева шараның пайдасы туралы айтып өтті.
- Бүгінде балаларға зорлық-зомбылық көрсету қоғамның дертті мәселесі ретінде белең алуда. Соның алдын алу мақсатында ұйымдастырылып отырған бұл семинардан мол тәжірибе жинай алдым. Семинар-тренинг барысында балалардың қажеттіліктерін, қауіпті факторлар мен буллингке ұшыраған балалардың белгілерін анықтау жолдарын және практикалық материалдар арқылы ситуациядан шығу тәсілдерін үйрендім, - деді Г.Шындыбаева.