Атырауда жылыту маусымы мерзімінен бұрын аяқталды

Атырау қаласы әкімінің шешімімен көпқабатты үйлерге жылу беру тоқтатылды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Облыс орталығында  жылыту маусымы 10 сәуірде аяқталды.  Күннің жылып кетуіне байланысты халықтың жылуды өшіруі туралы сұранысы ескерілді. 

Атырау қаласы әкімдігі тарапынан «Атырау жылу электр орталығы» мен «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамдарына жазылған ресми хатта ауа райының жылуына байланысты 10 сәуірден бастап қаладағы әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беруді тоқтатуды сұраған.

 Жалпы, кесте бойынша жылу маусымы 15 қазанда басталып, 15 сәуірде аяқталуы тиіс. Биыл ерте аяқталғандықтан, жылу үшін төлемақы қалған 5 күнге есептелмейді.

Естеріңізге салайық, осыдан бірнеше күн бұрын атыраулықтар әлеуметтік желіде күннің қатты жылып кетуіне орай, әкімдіктен жылу беруді тоқтату туралы жазған еді. 

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА