Атырауда 2026–2030 жылдарға арналған жылу энергиясын беру, бөлу және жеткізу қызметінің тарифтік жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Шараға тұрғындар, қоғам белсенділері және сала мамандары қатысты.
Тыңдау барысында «Атырау жылу жүйелері» ЖШС директоры Әлібек Темірғалиев баяндама жасап, кәсіпорынның алдағы жылдарға арналған тарифтік сметасын таныстырды. Оның айтуынша, тарифті көтеру қажеттілігі инфрақұрылымның тозуы мен жөндеу жұмыстарына қажет материалдар бағасының жыл сайын өсуімен байланысты.
- Бүгінде желілердің тозу деңгейі 64,4%, ал ғимараттар мен құрылыстардың тозуы 98%-ға жетті. Бұл – жүйелі жаңғыртуды қажет ететін өте күрделі жағдай. Осыған орай, 2026 жылдан бастап жаңа шекті тариф енгізу туралы өтінім бердік. Бірақ ең бастысы - Мемлекет басшысы Қанат Бектеновке берген тапсырмасында тарифтерді 2025 жылдың 1 сәуіріне дейін көтермеу жөнінде нақты міндет жүктеген, сондықтан осы мерзімге дейін тұрғындар үшін тариф бұрынғы деңгейде қалады, - деді Әлібек Темірғалиев.
Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап жылу энергиясының жаңа шекті тарифі 1 Гкал үшін 27 829 теңге көлемінде, ал 2030 жылға қарай 46 241 теңге болуы жоспарланған. Бұл тек жобалық деңгейдегі көрсеткіштер, нақты шешім қоғамдық талқылау мен мемлекеттік сараптама қорытындысынан кейін қабылданады.
- Біз 2026–2030 жылдарға арналған 12,4 млрд теңгелік инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Бұл бағдарлама жылу желілерін жаңғырту, жабдықтарды ауыстыру, энергия үнемдеу және тиімділікті арттыруды қамтиды. Бағдарлама нәтижесінде 2030 жылға қарай жылу желілерінің тозу деңгейі 62%-дан 52%-ға дейін төмендеп, қызмет сапасы артады, - деп атап өтті кәсіпорын басшысы.
Қоғамдық тыңдауда тұрғындар мен белсенділер де өз пікірін білдіріп, тарифтің өсуіне алаңдаушылықтарын жеткізді. Көпшілік әлеуметтік ауыртпалықтың артпауын және тариф саясатының ашық болуын сұрады.
Жиында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегенов те сөз сөйлеп, түсініктеме берді.
- Президент тапсырмасына сәйкес, тарифтер 1 сәуірге дейін көтерілмейді. Барлық ұсыныстар мен есептер қазір сараптамадан өтуде. Біз үшін бастысы - тұтынушылардың құқығын қорғау және халықтың әлеуметтік жағдайына салмақ түсірмеу. Тарифтің кез келген өзгерісі тек қоғамдық тыңдаулар мен уәкілетті органдардың келісімінен кейін ғана жүзеге асырылады, - деді Арман Өтегенов.
Тыңдау соңында қатысушылар ұсыныстарын айтып, кәсіпорын өкілдері мен департамент мамандары тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.