Атырауда жыл соңына дейін сауатты пациенттердің бес мектебі ашылады

“Алғыс” сауатты  пациенттер мектебі облыс орталығындағы екі медициналық мекемеде қанатқақты жоба ретінде жұмыс істеп жатыр. Ал жыл соңына дейін бес аурухана мен емханада ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Жоба жетекшісі Жанат Есмағанбетованың айтуынша, мұндай мектептерді ашудың басты мақсаты – дәрігер мен науқас арасында байланыс орнатып, арадағы  түсінбеушілікті алдын алу. 

«Өздеріңізге мәлім, қазір әлеуметтік желіде дәрігерлер мен медициналық ұйымдарға қатысты шағым көп. Сондықтан сауатты пациенттердің мектебін аша отырып, оларды бітімгершілікке келтіру, жанжалды азайту бағытында жұмыс істейміз. Мен өзім жиі науқастанып, дәрігерлердің жұмысымен етене таныс болдым.  Дәрігерлердің әр пациентпен тығыз қарым-қатынас орнатуға уақыттары жетпейді. Ал науқастардың басым көпшілігі – өзіне көбірек көңіл бөлгенді қалайды. Сондықтан біздің мектеп науқас пен дәрігерді байланыстыра отырып, кездесу өткізу және кеңес беруді жолға қояды, - деді Ж.Есмағанбетова. 

 Қазір сауатты пациент мектебі облыстық балалар ауруханасы мен №4 емханада  жұмыс істеп жатыр. Жыл соңына дейін 5 медициналық ұйымда ашу жоспарланып отыр. Жобаның үйлестірушісі, Салтанат Алмағамбетова сауатты пациенттердің мектебі алдағы уақытта өңірдегі барлық емханалар мен ауруханаларда ашылады деп отыр. Сонымен қатар жобаға қоғам белсенділері мен блогерлерді тарту көзделуде. 

Айта кетейік, сауатты пациенттер мектебі елімізде алғаш рет Атырау облысында ашылып отыр.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА