Оқушылардың жазғы каникулға шығуына орай, полицейлер балалардың жолдағы қауіпсіздігін қадағалауды ескертеді. Соңғы уақытта жасөспірімдердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиілей түсті, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырау облысы аумағында облыс көлемінде жасөспірімдердің жазғы демалысы қарсаңында балалардың жол-көлік оқиғаларынан жарақаттануының алдын алу, көшелермен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрысына байланысты дағдыларын нығайту мақсатында профилактикалық іс-шаралар атқарылып жатыр. Соған қарамастан, жыл басынан бері 20-дан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 4 жасөспірім қаза болып, 30-дан астамы әртүрлі дене жарақатын алған.
Атап айтқанда, 30 мамыр күні Атырау қаласы «Жұлдыз» шағынауданында тіркеме тіркеген КамАЗ жүк автокөлігі велосипед теуіп келе жатқан жасөспірімді қағып, соның салдарынан бала алған дене жарақатынан оқиға орнында қаза болды.
Сонымен қатар, 5 маусым күні Исатай ауданына қарасты Жанбай елдімекені аумағында 1993 жылы туған жүргізуші қатарынан 3 бірдей жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Исатай аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің жедел іс-әрекетінің нәтижесінде автокөлік табылып, жүргізушісі анықталды. Ал автокөлік тұраққа қойылды.
Сондай-ақ, 5 маусым күні Атырау қаласы аумағында электронды самокат теуіп келе жатқан 2 жасөспірім жаяу жүргіншіні Toyota автокөлігі қағып, салдарынан 1 жасөспірім әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды.
«Құрметті ата-аналар қазіргі уақытта балалардың демалыс кезіндегі жолда жүру қауіпсіздігі сіздерге толықтай жүктелгендіктен, балаларыңызды қараусыз қалдырмауларыңызды және көлік жүргізушілері сіздер де көлік басқару кезінде жол жүру ережесін қатаң сақтауларыңызды сұраймыз», - делінген хабарламада.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА