Атырау қаласының №2 сотында белгілі журналист Виктор Сутягиннің Lexus RX-300 көлігін өртеп жіберуге қатысты алғашқы ашық сот процесі басталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Естеріңізге салайық, оқиға 2023 жылдың 11 мамырында таңғы сағат 05:00 шамасында болған. Виктор Сутягиннің айтуынша, көлікті үйінің жанындағы аллеяда қалдырған. Өрт болған сәт көршісінің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Онда белгісіз біреудің көлікке жақындап, капотта бірдеңе жасағаны, содан кейін жарылыс дыбысы шыққаны көрінеді.
Бірнеше күннен соң, яғни 14 мамырда полиция күдіктіні анықтап, ұстағанын хабарлады. Осы факті бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Бір адам күдікке ілініп отыр.
В.Сутягиннің айтуынша, сотталушы қарызға ақша алып, оны қайтармаған адамның көлігін өртеп жібергісі келген. Алайда қарыз берушінің емес, керісінше «қателесіп» журналистің көлігіне өрт қойған. Бірақ бұл жерде күмәнданатын жайт бар. Өйткені сотталушы тапсырыс берген адамның қандай мекенжай айтқанын білмей тұр. Ол ер адам жұмыссыз, наркологиялық диспансерде токсикоман ретінде есепте тұр. Балалары да бар.
«Мен қылмыстың тапсырыспен жасалғанына сенімдімін. Демек, тапсырыс берушінің өзі материалдық шығынды төлеуі керек», - деді Виктор Сутягин.
Айта кетейік, іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 202-бабының 3-бөлігі – «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша қаралып жатыр. Жәбірленушіге келтірілген шығын 25 млн теңгеден асады.
Келесі сот отырысы 23 қаңтарға белгіленді.
Эльмира Мықтыбаева
Фото: Светлана Новак