"Ультрастаб-Қазақстан" ЖШС тең құрылтайшысы және абс директоры Азамат Асылбеков мұнайлы мекендегі жұмыссыздық мәселесін оп-оңай шешуге болатынын айтты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бизнес бастау үшін ең алдымен не істеу керек?
– Бизнеспен айналысамын деген адам міндетті түрде салықтық режиммен кездеседі. Президент тапсырмаларының бірі – Салық жүйесін оңтайландыру. Мұндай салықтық өзгерістер салық міндеттемелерін жеңілдетуге, сыбайлас жемқорлықты жоюға және әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізеді. Бұл – бизнес үшін өте қажет іс-шаралар. Еліміздегі кәсіп бастаудағы негізгі проблеманың бірі – қаражат жетіспеушілігі. Өйткені, банктер арқылы шағын бизнесті несиелеу механизмі өте ауыр. Кепілдік қажет. 18-22 жастағы бала үшін әке-шешесінің үйін кепілге қойып, тәуекелге бел буу қиын. Өйткені, бәріңізге белгілі, стартаптардың 80-90 пайызы алғашында күйіп кетеді. Жеңілдетілген несиелер беріліп жатыр, 6 пайыздық несиенің өзі жақсы. Бірақ, алудың қиындығы сондай, көп адам жарты жолдан қолын бір сілтеп, тастап кетіп жатады. Біздер жұмысымызды банктен несие алып бастаған жоқпыз. Несие алып, рәсімдеуге көп уақыт кетеді. Екінші мәселе, бизнес болғасын мемлекеттік органдармен байланыста болады. Әбден пісіп, жолға қойылғанға дейін қателіктерге бой алдырады. Мәселен, салыққа қарызға батып, кейін барлық есепшоттары бұғатталып, үлкен проблемаға айналады. Осы орайда, салықтың қарапайымдылығы қажет, салығыңды төледің, болды. Басқа нәрсеге бас қатырмайтындай болуы керек. Бұл және елдегі көлеңкелі бизнестен шығаруға мүмкіндік береді. Жастардың арасында жұмыссыздық бар. Ол қайдан пайда болды? Кез-келген дамыған елде белгілі бір мөлшерде жұмыссыздық деген мәселе болады. Ал, біздегі жастардың арасындағы жұмыссыздық деңгейі тиісті мөлшерден көп. Неге? Табысты болу үшін ғана емес, бақытты болу үшін де істеп жүрген жұмысыңды жақсы көру маңызды. Қазір ше? Жастардың дені өзі қалаған қызметінде жүрген жоқ. Мысалы, мен 2009 жылы мектеп бітірген кезде ҰБТ тапсырдық. «Алтын белгімен» мектепті аяқтадым. Бірақ, өзім қалаған оқу орнына грантқа түсе алмадым. Өйткені, бәсекелестік жоғары болды. Ақылы бөлімге түсіп, ата-анама ауыртпашылық салмауым үшін, кейінгі оқу орнына тапсырып, сол жерден білім алып шықтым. Тегін. Ешкімге өкпем жоқ. Көптеген жас өзі армандаған оқу орнына грантқа түсе алмағандықтан жүрегі қаламаған іспен айналысады. Президент әр жастың арманына қол жеткізіп, қалаған мамандығын игеруі үшін де молынан мүмкіндік жасап отыр. Осы орайда, білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Кәсіппен кез-келген адам айналыса алады. Бірақ, оны бәрі бірдей дөңгелетіп алып кете алмайды. Бизнеспен айналысқыңыз келе ме, кәсібіңізге сенуіңіз керек. Басқалардан айырмашылығы болуы керек. Өзіңнің артықшылығыңа басымдық беріп, нарықта қалай пайдалану қажеттігін зерделеу қажет. Қаржылық жеңілдіктер мәселені жеңілдетуі мүмкін, бірақ мәселені шеше алмайды. Бізде ақша бөлінеді, дегенмен бюрократиялық кедергілер, несиені алуда қиындықтар тудырады. Мемлекеттің қаражаты болғаннан кейін ол қайтарылуы керек деген ұғым қалыптасқан. Оның сұрауы бар. Құжаттарды тапсырып, есеп беріп отыру қажеттілігі туындайды. Бұл стартап бизнеске келіңкіремейді. Банкрот болуы мүмкін. Осы орайда, кәсібін алғаш бастағалы отырған жастарға ерекше жағдай жасалуы керек. Қаражатты игере алмай қалу мүмкіндігі ескерілуі қажет. Иә, Үкіметке белгілі бір сомада зиян келуі мүмкін. Бірақ, жас кәсіпкерге ол тәжірибе болады. Келесіде, ол кәсіпкер қателігінен сабақ алып, кәсібін сауатты жүргізіп, елдің экономикасына бірнеше миллион табыс әкелуі мүмкін.
Қалай жұмыс табуға болады?
– Негізі жастарға да, жұмыссыз жандарға да мемлекет бар мүмкіндікті жасап отыр. Осыдан екі жыл бұрын жұмыс орнымнан қысқартуға ұшырадым. Қажеттілік болмаса да, жүйенің қалай жұмыс жасайтынын көру мақсатында, жұмыссыз адам ретінде жергілікті жұмыспен қамту орталығына тіркелдім. Таңғалғаным, маған бұрынғы жұмысымдағы еңбекақымның 45 пайызы түсті. Күнде телефоныма вакансиялар келе берді. Тағы бір айта кететін жағдай, жұмыссыз жүрген жандарға арзан несиелер беріледі. Халықтың белгілі бір бөлігінде масылдық психология бар. Мемлекеттің байлығының бір бөлігі бізге берілуі керек деп ұрандатамыз. Жаңа Қазақстан дегеніміз – әділетті Қазақстан. Әділетті Қазақстан принципі бойынша, Ұлттық қор табысының 50 пайызы балаларымыздың есепшотына түсетін болады. Ұлттық байлықты бөліп береді. Ақиқатында, мемлекет сізді асырамауы керек, ол жұмыс жасау үшін жайлы жағдай жасайды, салық жүйесін жеңілдетеді. Осы себепті масылдықтың алдын алу үшін кәсіпкерлікті, кәсіпкерді насихаттау қажет болар. Мұғалім, дәрігердің мәртебесін көтергеніміз секілді, кәсіпкерлікті де мейлінше дәріптеу қажет секілді. Ауылда кәсіп ашуға бола ма? – Өмірін ауылмен байланыстыратын адамға қандай кәсіппен айналысамын десе де мүмкіндік бар. Ауылдық жерде кәсіп ашудың артықшылығы – бәсекелесінің аздығы. Оны жоқ деуге де болады. Қаладағы бизнесті ауылға көшіріп алып келуге болады. Тек нарықты зерттеп, бағдарлау қажет. Кәсіпкерлерді шетелге тәжірибеге алмасуға жіберіп тұру қажет деп ойлаймын. Бізде қазір «трендтегі» дүниелер, ол елде бұдан бұрын қолданылуы мүмкін. Сол себепті, дамыған мемлекеттің тың идеясын көшіріп, өз елімізде жасай аламыз. Біреулер дипломмен де жұмысқа кіре алмайды.
Неге?
– Кеше ғана колледж студенттерімен кездесуде болдым. Қатысушы жас жігіт электрик мамандығын оқығанымен бүгінде жұмыссыз қалғанын айтады. Бұл мүмкін емес жағдай. «Сен ТШО, НКОК-ке барған боларсың?», «Иә». «Оларға тәжірибең толысып, мықты маман болғанда ғана керексің. Қазір сен өзіңе инвестиция жасауың қажет. Аз жалақыға, бірақ көп тәжірибеге жұмыс жаса. Кем дегенде, ПИК-ке барып еңбек ет» деген пікірімді айттым. Бізде оңай нәрсеге асығу, танысқа сену секілді жағдайлар әлі де жойылмай отыр. Қазір адам бір-бірінен білім-талабымен озатын заман. Жоғары жалақыны күтіп, жұмыссыз жүру – қоғамның масылдыққа жайбарақат қарауы. Бұрын көршіден нан сұрауға ұялатынбыз, қазір баладан тепсе темір үзетін жігіттерге дейін көшеде қайыр сұрауға қысылмайды. Бұған қарапайым халық та үйренген. Мән бермейміз. Қалыпты дүние ретінде қараймыз.
«Бірінші жұмыс орны» жобасы дегеніміз не?
– «Бірінші жұмыс орны» жобасы NEET санаты, яғни ресми жұмыс істемейтін, бірақ оқымайтын, жұмыс тәжірибесі жоқ 29 жасқа дейінгі жастарға арналған. Жоба тәжірибесі жоқ жас мамандарды, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетуге бағытталған. Жоба аясында жастар қажетті еңбек дағдыларын, ал жұмыс берушілер еңбекақы төлеуге субсидия ала алады. Жұмыс берушілер ретінде жобаға барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатыса алады.
Жастар дайын жұмысқа неге бармайды?
– Жастар ақшаға ұмтылмаса, үйінде өмір сүретіндей жағдай бар деген сөз. Жыл сайын адамның өмір сүруі қымбаттап барады. Бұрынғыдай мәжбүрлеп жұмыс жасатып, заң жағынан әсер етейін десеңіз, оның бостандықтары мен құқығына қол сұққаныңыз болады. Бұл санаттағы адамдарға да жағдай жасалып қойған бізде. Тұратын жері болмаса, уақытша орналастыратын орындар бар. NEET жастардың дені көлеңкелі кәсіппен айналысады. Жұмыссыз жастардың бір тобы қаламаған мамандықты игергеннен кейін, еңбек еткісі келмейді. Екіншісі, жұмыстан бірнеше уақытқа шектеліп қалғандар, еті үйреніп, бүгінде такси болып табыс тауып жүр. Үлкен агрегаторлар нарыққа келуде, мәселен – яндекс, тіркелуді талап етеді. Осылай көп болып жұмыла жұмыс жасаса, көлеңкелі бизнеске тұсау қоюға болады. Нарыққа мүмкіндік берсе, нарықтық механизм өзі реттейді. Жалпы, бағдарламалардың насихатталуы жетіспейді. Мұндай бағдарламалар барын бірі білсе, бірі білмейді.