Қаладағы «Геолог емханасы» медициналық ұйымында «Бала жасындағы ауруларды ықпалдастыра жүргізу, патронаждық байқаудың әмбебап прогрессивті моделі» облыстық үйлестіру орталығы ашылды, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің тапсырмасымен жабдықталған орталық балалар арасындағы аурушаңдық пен өлім көрсеткіштерін азайту мақсатында жұмыс істейді.
Орталық – аналар мен балаларға медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға, бала денсаулығын алдын алуға бағытталады және балалар арасындағы мүгедектік жағдайларын төмендету, аналардың денсаулығын жүктілік кезінде бақылау, білікті мамандар дайындау да – орталықтың басты миссиясы саналады. Сонымен қатар, 5 жасқа дейінгі балаларға амбулаториялық және стационарлық көмек көрсетеді.
Үйлестіру орталығының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысты.
«Үйлестіру орталығы сәбилер дамуындағы тежелулерді ерте жастан анықтауға, бүлдіршіндерге дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді деп сенемін», - деді Жасұлан Орақұлы.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА