Қаладағы Ә.Молдағұлова көшесінде басталған жөндеу жұмыстары осы аптада аяқталып, пайдалануға беріледі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Осы ретте Атырау қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Мұханбетәлиевтің айтуынша, онда негізгі жұмыстар істелінді және осы аптаның соңында жол ашылады.
«Қазір жолдың құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Тек қиыршық тас-мастикалық асфальтбетон төсеу керек. Оның әдісі мүлдем бөлек. Зауыттан қиыршық тас-мастикалық асфальтбетонның талшықтары әкелінді. Соны төсеп болған соң көшенің бұл аумағы ашылады», - деді Ә.Мұханбетәлиев.
Жолдың бойында 40-қа жуық жұмысшы еңбек етуде. Солардың бірі - Сағындық Садихов.
"Осында 5 техникамыздың көмегімен жоспарланған уақытқа дейін үлгеру үшін қызу жұмыстар істелініп жатыр. Асфальттің бірінші қабаты төселді. Бордюр қойып жатырмыз. Мұнан соң жаяу жүргіншілер жолына кірісеміз", - деді С.Садихов.
Айта кетейік, Ә.Молдағұлова көшесіне орташа жөндеу жұмыстары 10 маусымда басталды. Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасы бойынша, жалпы ұзындығы 3,14 шақырымды құрайтын аумаққа жол құрылысын «Маңғыстау жол-құрылысы материалдары комбинаты» АҚ мердігер мекемесі жүргізіп жатыр.
Құрылыс жұмыстары кезінде автокөлік жолының беткі асфальт қабаттары толық алынып, жаңадан салынады. Сонымен қатар, жоба аясында жаяу жүргінші жолын салу және жол белгілерін жаңғырту жұмыстары көзделген. Жұмыстар жоспар бойынша кезең кезеңімен жүргізілетін болады.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА