2023 жыл да аяқтала келді. Бұл ретте, Атырау өңірінің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму барысын жуырда аймақ басшысы Серік Шәпкенов те Орталық коммуникациялар қызметі алаңында қорытындылаған болатын. Осы орайда, AtyrauPress тілшісі биыл жүзеге асқан жол жөндеу, балалар алаңы мен көше жарықтандыру жұмыстарына шолу жасады.
БИЫЛ ӨҢІРДЕ 240,8 КМ ТАСЖОЛ ТӨСЕЛДІ
Өңірде 2024-2027 жылдары 211,2 шақырым қолданыстағы жолдарды жаңғырту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 77,5 шақырым жол қайта жаңғыртудан, 46,7 шақырым жол орташа жөндеуден, 87 км жол күрделі жөндеуден өткізілмек.
Осы ретте, бұрыннан да айтылып жүрген аса маңызды жоба – республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахан» күре жолының құрылысын аяқтау. Жалпы ұзындығы 277 шақырым болатын «Атырау-Астрахань» учаскесінің бүгінгі күні 252 шақырымы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалған 25 шақырымы көлік қозғалысы үшін ашылады деп жоспарлануда. Биыл облыста 240,8 шақырым жол төселді, оның 88,5 шақырымы облыс орталығында, 152,3 шақырымы аудандарда.
Жалпы, елімізде салынып жатқан жолдар көп. Қуантарлық әрі құптарлық іс. Бірақ, олардың сапасы қалай? Мәселен, Белорусияда жаңа жолдар көп емес екен. Есесіне, ескілері жетерлік. Неге? Себебі, ол жақта бір салынған жол біразға дейін қызмет етеді. Нәтижесінде, жөндеу жұмыстары да өте сирек жүргізіледі. Сәйкесінше, қыруар қаражат та қалтада қалады. Ал, бізде ше?! Біз бұл сауалды «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Атырау облыстық филиалының директоры Дархан Сайлауовқа қойып көрген едік. Оның ойынша, жол сапасына негізінен үш фактор әсер етеді.
– Алдымен, жол сапалы материалдан салынуы керек. Мәселен, асфальтты бетон төселетін болса, оның сапасы 50 пайыз құрамындағы битумға немесе қиыршықтасқа байланысты болады. Екіншіден, жол салудың әдіс-тәсілі мен технологиясы өте маңызды. Егер осы екі талаптың біреуі бұзылса, сапалы жолдан үміт үзе беруге болады. Ал, соңғысы, салынған жолды күтіп-баптай білу қажет. Тек Атырауда ғана емес, бұл мәселеге еліміздің өзге өңірлерінде де көп мән беріле бермейді. Айталық, жаңа жол салынады да, 4-5 жыл бойы оның сапасын сақтауға қатысты ешқандай жұмыс жүргізілмейді. Ал, осы уақыт ішінде жолда шағын жарықшалар пайда болады. Оларды дереу бітеу керек. Сол сияқты, жаңбыр мен қар суынан тазалау жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бұның бәрі назардан тыс қалған соң, салынған жолдың да ғұмыры қысқарады, - дейді ол бізбен әңгімесінде.
Дархан Серікұлы бұл салада 15 жылдан бері еңбек етіп келе жатыр. Ал, былтыр «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» Атыраудағы филиалына басшы болып тағайындалған. Әрі, биыл филиалға жеке дара жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Аумағы 600 шаршы метрді құрайтын нысанда қызметкерлерге қолайлы жағдай жасалған. Атап айтқанда, арнайы асхана мен демалыс бөлмелері жасақталған. Зертханалар заманауи құрал-жабдықпен қамтылған. Сондай-ақ, мұнда қиыршықтас, асфальтты бетон мен битум – әрқайсысын жеке стандарттарға сынауға арналған бөлмелер бар.
«Қазақстан орналасқан аумағы бойынша транзиттік елдердің бірі болып табылады. Сондықтан да болар, менің таңдауым осы жол саласына түсті. Жолшы ретінде сапалы жолдар қатарын көбейтіп, транзиттік мәселелерді шешуге өз үлесімді қосқым келеді. Осы мақсат өзімді алға жетелеп келеді. Биылғы ең үлкен жетістікті айтып өтер болсам, Атырауда жарты миллиард теңге көлемінде жолдардан кемшілік анықталып, қайта салынды. Сонымен қатар, аймақ аумағында салынып жатқан барлық жолдарды зертханалық сынамамен қамтуға қол жеткіздік. Оның ішінде облыс, қала, тіпті, аулаішілік жолдар да бар. Сол секілді, биыл аймақтық, қалалық, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқарма-бөлімдерімен келісімшартқа отырдық» дейді филиал басшысы.
Айтпақшы, жақында атыраулық жолшылар Еуропа елдеріне барып, тәжірибе алмасып қайтты. Ендеше, еуропалықтар жолды қалай салады? Тақтайдай тегіс жолдардың құпиясы неде? Біз мұны Данияда тәжірибе жинақтаған жолшы Ардақ Мырзагерейұлынан сұрадық.
– Медицинада диагностика деген түсінік бар. Бұл аурудың туындау себебін анықтайды. Егер дәрігер науқасқа қате диагноз қойса, онда бұл оған өлім жазасын кескенмен тең деуге болады. Себебі, аурудың неден пайда болғанын таба алмаған маманның ем-домы ауруды одан әрі асқындырып жіберуі мүмкін. Міне, осындай диагностика ұғымы жол саласында да бар. Мәселен, жолшылар жол жөндеу жұмыстарын жүргізбес бұрын оның жай-күйімен жақынырақ танысып, сапасына дұрыс баға бере білуі керек. Әйтпесе, еңбектің бәрі зая кетуі мүмкін. Данияда диагностика саласы осыдан бір ғасыр бұрын дамып кеткен. Сондықтан ондағы мамандармен тығыз байланыс орнатылған, - дейді ол.
Филиал жыл соңында немесе жаңа жылдан бастап бұл елден қажетті бірнеше құрал-жабдық сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл диагностика жұмыстарын оңтайландыруға септігін тигізбек. Сонымен бірге, Данияның білікті мамандары бізге келіп, бір жыл толықтай жұмыс жасайды екен. Яғни, біздің жолдарды өздері зерттеп, сынама алады. Ал, келесі жылы олардың бастаған жұмысын жергілікті мамандар одан әрі жалғап кетеді.
Бұдан бөлек, аталған елмен жұмыс күшін үнемдеу, жемқорлықты болдырмау, ІТ-технология тетіктерін қолдану, автоматтандыру және басқа да бағытта келісімшарттар жасақталады деп жоспарланып отыр. Бірақ, бұл біздің еліміз өркениет көшінен кеш қалып қойды деген сөз емес. Айталық, біз ІТ-технология бағытында алдыңғы орында келеміз. Сөзімізге дәлел, жуық арада Польша мемлекеті қазақстандық тәжірибені қолдану үшін арнайы меморандумға отыруды көздеп отыр екен.
Тағы бір атап өтер жайт, басқалары секілді жол саласында да маман тапшылығы бар. Оны шешу үшін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» Атырау облыстық филиалы жолшы болғысы келетін жастарды іс-тәжірибеден өткізетінін білдік. Сондай жастардың бірі – Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университетінде жобалаушы мамандығын меңгеріп жатқан Алихан Баймұратов. Ол оқу орнын бітірген соң аталған филиалға жұмысқа орналасқысы келетінін айтады.
«Мен бұрын жолшы деген арнайы мамандық болады деп ойлаушы едім. Сөйтсем, бұл нақты мамандық атауы емес, жалпы жол саласында еңбек ететін жандарды айтады екен ғой. Олардың қатарына жобалаушы, геодезист, ІТ-бағдарламашы және басқа да көптеген мамандар кіреді. Демек, жолшы дегеніміз тек қолына күрек алып, жол салумен немесе жөндеумен айналысатын адам ғана емес, ол тіпті маркетолог та болуы мүмкін. Бұрын мен оқыған мектепке атыраулық жолшылар келіп, аталған мамандықтың қыр-сырымен бөліскен еді. Сол кезден бастап өзімнің болашақта қандай мамандық иесі болатынымды түсіндім. Атырау мұнайлы өлке болғандықтан мұнда көбісі мұнайшы болуға ұмтылады. Ал, мен жолшы боламын деп шештім!» дейді соңғы курс студенті.
Қазір Алихан секілді бес студент жоғарыда аталған филиалда ақылы практикадан өтіп жатыр. Оларға 80 мың теңге шамасында аша төленеді. Бұл болашақ жолшыларды ынталандырып, одан сайын жігерлендіре түсері сөзсіз. Студенттер тек теориямен ғана шектеліп қалмай, жолдар мен көпірлердің қалай салынып жатқанын көруге де мүмкіндік алады.
Осы орайда, өңірде сағызша созылып кеткен жол құрылыстарын да тілге тиек етпеске болмас. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Атырау облыстық филиалының директоры Дархан Сайлауовтан білгеніміздей, атыраулықтар асыға күтіп отырған Атырау-Астрахан тасжолының құрылысы бітуге таяп қалды. Келесі жылы толықтай аяқталады деп күтілуде. Сол сияқты, Атырау-Орал тасжолы да тозып біткен. Оны жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайын, енді тек сала министрлігінен қажетті қаражат бөлінуін күтіп отыр. Ал, Атырау-Доссор бағытын бірінші категориялы жолға ауыстыруды Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі тапсырған болатын. Оған қатысты қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. 2025 жылдан қалмай салына бастайды деген жоспар бар.
«...Елімізде екінші мекеме болып антикоррупциялық стандарт алған біздің орталық қазір толықтай ІТ-бағдарламаға көшті. Бұл бізге бұрынғы хаттамаларды тез табуға, талдау жұмыстарын жүргізуге, құжаттарға электронды қол қоюға, операциялық жүйеге бөтен адамның кірмеуіне жол ашты» деген Дархан Серікұлы жол инженерлері де қазір планшетпен жүретінін айтып тамсанды.
Осылайша, кемшілік табылған жолдарды суретке түсіріп, QR-код арқылы тіркеуге болады екен. Енді алдағы уақытта барлық құжаттарды сандық форматқа көшіру міндеті тұр. Сол кезде адамның қатысы азайып, жемқорлық та түбегейлі жойылады деген үміт бар.
ҚАЛАДА 254 ОЙЫН ЖӘНЕ СПОРТ АЛАҢЫ БАР
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс» деген болатын. Мемлекет басшысының спортқа зор көңіл бөліп, бұл саланы әрдайым мемлекеттік маңызды басым бағыттар санатына қосатындығы қуантады.
Қазір облыс орталығында «Халық қатысатын бюджет» жобасымен ойын және спорт алаңдары көптеп салынуда. Бүгінгі таңда Еркінқала ауылдық округі, Химпоселок, Водников-2, Нұрсая және Нұрсая-3 ықшам аудандарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекемелер – «ИП-Абдрашова Ш», «Nn-partners», «ИП-Нысанбаева».
Атырау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекция бөлімінің мамандарының айтуынша, ойын және спорт алаңдары балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануына мол мүмкіндік береді. Жоспар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
Айта кетейік, «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі теңгерімінде 221 ойын және 33 спорттық-жаттығу алаңы бар.
Атырау қаласында барлығы 150 спорт және балалар алаңы салынады. Бұл ретте, 6 млрд теңгеге жуық жобаға көппәтерлі үйлердің 100 мекенжайы енгізілген. Жұмыстарды «Риголит», «АтырауКөлік» және «Sheberbuild» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізеді. Ал, жалпы, қала шетіндегі ауылдық елдімекендерде 12 және жеке тұрғын үй секторларында 18 жаңа спорттық ойын алаңдары салынады.
Сондай-ақ, қалаға қарасты Береке, Алмалы, Кеңөзек Жұлдыз, Ақсай, Ақжар, Томарлы, Бесікті Жаңаталап, Құрманғазы, Қызылбалық ауылдарына спорт алаңдары салынуда. Жобалаушы мекеме – «Шыңдау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылыс монтаждау жұмыстарына тапсырыс беруші – қалалық құрылыс бөлімі. Бүгінгі күні конкурс жарияланды. Мердігер мекеме анықталған соң тиісті жұмыстар басталады. Қалалық құрылыс бөлімінің мамандарының айтуынша, жергілікті бюджет есебінен салынатын ашық алаңда балалар ойнайтын алаң, футбол, стритбол, жаттығу алаңдары, лед жарық шамдары және бейнебақылау камераларымен қамтылмақ.
Ал, қала аумағында (Жерұйық, Сарықамыс, Мирный, Бірлік, Береке, Көкарна, Геолог, Сарыөзек, Водник, Елшібек, СМП-163, Балауса, Самал, Нұрсая-3, Өркен -2) – 18 спорт пен ойын алаңдары салынады. Қазір алаң құрылыстарына жобалау сметалық құжаттама жасақталуда. Бүгінде жер телімі құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жобалаушы мекеме – «Эдем Строй» ЖШС.
Сол сияқты, бүгінде 22 кіші аяқ доп алаңына жөндеу жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын «Жайық-Сити» мердігер мекемесі атқаруда. Жоспарға сай алаңдардың техникалық ерекшеліктеріне сәйкес қоршаулары мен жасанды көгал жабындыларын ауыстыру жұмыстарын жүргізу көзделуде. Сонымен қатар, орындық пен қоқыс жәшіктерін орналастыру қарастырылған. Айта кеткен жөн, қала аумағында тозығы жеткен әлі 48 кіші аяқ доп алаңы бар.
Бүгінде «Атырау көлік» ЖШС жұмысшылары «Авангард-2» және «Лесхоз» шағынаудандарында спорт және балалар алаңшаларын орнату жұмыстарын бастап кетті. Серіктестіктің директоры Александр Лобзеневтің айтуы бойынша, мердігер компания 22 ауланы абаттандырады.
«Аулаларға спорт және балалардың ойын алаңшаларын орнатуды бастадық. Мәселен, спортпен шұғылдану үшін қажетті тренажерлар, футбол алаңқайлары, әткеншектер, сырғанақтар және тағы басқа құрылғылар қоямыз. Қазір өзімізге тиесілі аулаларға апарып жатырмыз. Ескілері алынып тасталынады. Жалпы 22 жұмысшымыз іске кірісті» дейді А.Лобзенев.
Еске сала кетсек, жақында балаларға арналған спорт алаңдарының бірі «Геолог» шағынауданында «Батыс Транзит» мекемесінің демеушілігімен пайдалануға берілді.
Қаладан бөлек, алыстағы ауылдарда да балаларға арнап ойын-спорт алаңдары көптеп салынып жатыр. Енді солардың бірқатарына тоқталып өтсек...
Биыл Қызылқоға ауданындағы Тасшағыл, Жасқайрат, Қарабау, Қоныстану, Мұқыр ауылдарында бес дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің құрылысы басталды. Осы спорт кешендеріне қосымша спорт алаңдарын салу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы Жасқайрат, Қоныстану, Тасшағыл, Қаракөл, Қарабау, Тайсоған, Миялы, Сағыз ауылдарында бұл жұмыс жалғасын табатын болады.
Ал, жуырда жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау мақсатында Жангелдин ауылында спорт алаңы пайдалануға берілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен басталған бұл алаңды мердігер «MBM CONSTRUCTION» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 4 ай мерзімінде бітіріп, халықтың игілігіне ұсынып отыр. Аталған спорт алаңы жасанды төсеніші бар кіші футбол алаңы, көше тренажерлары және волейбол мен баскетбол алаңдарынан тұрады. Кешеннің ауданы 2400 шаршы метр.
Сондай-ақ, жақында 32 830 тұрғыны бар Индер ауданының орталығы Индербор кентінде бір күнде үш бірдей ойын алаңының тұсауы кесіліп, пайдалануға берілді. Аумағы уақыт өткен сайын кеңейіп келе жатқан кенттегі «Болашақ» және «Шығыс» мөлтекаудандардары мен «Барлаушылар» бөлігінің тұрғындары әрбір кездесулер сайын жергілікті атқарушы билікке балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарын салып беруді көтеріп жүруші еді. Айтқандайын, арда ағайыннның ақжолтай тілегі қабыл болып, аталған аумақтар көпшілік күткен нысандармен толықты.
Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбаек Ғабдуллинның айтуынша, өткен шілде айында басталған спорттық нысандар футбол, балалар ойын алаңымен және Street Workout құрылғыларымен жабдықталған. Салынған әрбір спорт алаңының аумағы 1376 шаршы метрді құрайды. Мердігер мекеме – «ЖайықСити» ЖШС.
Сол сияқты, биыл аудан орталығында балаларға арналған «JoyPark» ойын-сауық орталығы пайдалануға берілді. Орталық балалардың уақытын қызықты, әрі көңілді өткізуге арналған батутты аймақ, лабиринттер, ойын кешендері мен әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш сынды заманауи үлгідегі ойын құрылғыларымен жабдықталған. Оны жергілікті кәсіпкер «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие алып, ашып отыр. Осылайша, кәсіпкер жергілікті төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтуда.
«Отбасыммен бірге балалар ойын-сауық орталығын аштым. Әрине, балаларымыздың жадырап, ойнап, күліп жүргені біз үшін үлкен бақыт. Осындай заманауи ғимаратты ашуым – мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасы. Алдағы уақытта кәсібімізді одан әрі дамыту жоспарымызда бар. Орталық күнде сағат 11.00-23.00 аралығында жұмыс істейді. Бір жасқа дейін тегін, 1-3 жастағы балаларға 2000, 3-14 жастағыларға 2500 теңге. Көпбалалы отбасыларға 30, ерекше балаларға 50 пайыз жеңілдік бар. Ал, туған күн иесіне кіру тегін» дейді жеке кәсіпкер Бағытжан Габбасов.
Биыл Махамбет ауданында да бірқатар ойын алаңдары қолданысқа берілді. Атап айтқанда, соңғы үлгідегі алаңдардың бірі Сарытоғай ауылында ашылды. Махамбет ауылдық округінің әкімі Руслан Әженовтің айтуынша, жаңа нысан өңірлерді дамытудың 2025 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде салынған. Жобаның құны – 15 млн теңге. Мердігер «Ди Рай» мекемесі жасанды төсеніш төсеп, балаларға арналған заманауи құрал-жабдықтар орнатқан. Сондай-ақ ол, Махамбет ауылының «Жаңауыл» мөлтек ауданы және «Жайық шұғыласы газетіне 50 жыл» атындағы көшедегі көпқабатты үйлер маңындағы ойын алаңдарына да жөндеу жұмыстары жасалғанын айтып өтті.
– Қазақта «берсең балаға бер», «қуантсаң баланы қуант» деген нақыл сөздер бар. Қазір балалардың барлығы ұялы телефонға әуес. Үнемі телефоннан кино, мултфильм қараған баланың көзі көруі нашарлап, сабаққа деген зейіні де төмендейтіні белгілі. Сондықтан кішкене балалардың далада, таза ауада көбірек ойнағаны дұрыс. Осы тұрғыда міне ауылдық округ әкімінің қолдауымен ауылымыздан ойын алаңы салынды. Балалар біреуі әткеншекке, екіншісі сырғанаққа мініп мәре-сәре. Осыларға қарап бізде қуанып жатырмыз. Ендігі жерде ауылдастарыма, балаларыма айтарым, алаңды таза ұстап, көздің қарашығындай сақтауымыз керек, - дейді ауыл тұрғыны Қалиса Маханова.
Тағы бес ауылға ашық, жасанды төсенішті спорт алаңы салынбақ. Аудандық құрылыс, қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы Алтынбек Қуанғалиұлының айтуынша, олар Ақтоғай, Таңдай, Талдыкөл, Есбол, Жалғансай ауылдарында салынады. Мердігер болып «ГрадСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталған. Қазіргі уақытта техникалық қадағалау жұмыстары бойынша конкурс өтуде. Конкурстан соң келісім-шарт жасалады. Құрылыс жұмыстары сәуір айының соңында басталмақ. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 50 млн теңге бөлініп отыр. Құрылыс жұмыстарының мерзімі – 2 ай.
«Былтырдың аяғында Жалғансай ауылында «Байшуақ-Үміт» ЖШС-нің демеушілік көмегімен ашық, жасанды төсенішті спорт алаңы салынып, қолданысқа берілген болатын. Биыл мемлекеттің қолдауымен тағы бір спорт алаңы салынатыны көпшілікті қуантып отыр. Өcіп келе жатқан жастар үшін бос уақытта спортпен шұғылданудың маңызы зор. Спорт арқылы ұрпақтың денсаулы ғана емес, жан саулығы да жақсарады» дейді Жалғансай ауылдық округінің әкімі Ғибрат Мырзағали.
Осындай жұмыстар Жылыой ауданында да жақсы жолға қойылған. Айталық, Жаңа Қаратон кентінде «Айым» және «Чебурашка», Қосшағыл ауылында «Street Workout» спорт және «Мерей» ойын алаңы ашылды.
Сонымен қатар, Құлсары қаласына қарасты Қарағай ауылының балалары да «Балдырған» атты жаңа алаңда ойнайтын болды. Барлығы 200-ге жуық отбасы мекендейтін, Қосшағыл ауылының Д.Шығайұлы көшесінің тұрғындары үшін бұған дейін балаларға арналған ойын, спорт алаңдары болмаған еді. Ал, биыл әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында «Теңізшевройл» ЖШС қаржылық қолдауымен, Орталық Азияның Еуразия қорының бастамасымен құрылған «Qogamdyq кenistikter» жобасы арқылы жаңа қоғамдық орындар салу мүмкін болып отыр.
Биыл «Qoǵamdyq keńistikter» бағдарламасы аясында тұрғындар күш біріктіріп, алаңдар салуды ұйғарған.
– Біздің ауылда балалар саны 150-ге жуық. Мақсатымыз – балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, спортпен айналысуы үшін жағдай жасау. Ауылымызда 150 шаршы метр жерді құрайтын алаңды балалар ойын алаңына және көше жаттығу алаңына арнап жабдықтауды ойластырдық. Осылайша біздің жоспарымыз «Qoǵamdyq keńistikter» бағдарламасы аясында, тұрғындардың бас біріктіруімен жүзеге асты, - дейді жоба жетекшісі Масаты Асабаева.
Сондай-ақ, Жаңа Қаратон кентінің белсенді азаматтары көптен күткен балалар ойын алаңдарына қол жеткізіп, халық игілігіне тапсырды.
«Біз 2000 жылы Жаңа Қаратон кентіне көшіп келгенбіз. Көшемізде шамамен 330 адам мекендейді. Оның 110-ы мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар. Міне, ынталы топпен қатар ерікті тұрғындардың атсалысу арқасында, «Qoǵamdyq keńistikter» жобасына қатысу арқылы ойын алаңына қол жеткіздік» дейді жоба жетекшісі Хангелді Булебаев.
Сол секілді, Құлсары қаласының Барлаушы, Жадырасын, Шұғыла, Аэропорт ықшамаудандары мен №7, 9 және Мешіт ауылдарына 11 балалар ойын алаңы салынбақшы. Олардың бір ерекшелігі – мұнда ойын алаңынан бөлек спорт, баскетбол, футбол алаңдары және демалуға арналған беседкалар мен автотұрақ қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын жасайтын мердігер мекеме – «Умирзак» ЖШС. Жұмыстар басталған күннен бастап 12 ай ішінде құрылыс аяқталуы тиіс.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ