Атырауда жол апатынан 2 көлік өртеніп, біреуінің жүргізушісі мерт болды

Қайғылы оқиға бүгін таңғы сағат 07:00 шамасында  Доссор- Құлсары-Бейнеу тасжолында болды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша жол апаты  Доссор- Құлсары-Бейнеу тас жолының 74 шақырым тұсында маркасы Газель және Камаз автокөліктері соқтығысқан.

Жол апатынан 2 автокөлік те жанып кетті. Газель автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды.

“Полицейлер көліктерді және жол апатының салдарын тексеру барысында "Кибер-Шериф" құрылғысы арқылы автокөліктердің қоғалыс уақыттарын зерделеп Газель көлігінің жүргізушісінің демалмастан тәулік ішінде Ақтау-Орал, Орал-Атырау бағыттарында көлік басқарғанын анықтады”, - деді баспасөз қызметіндегілер.

Осы ретте тәртіп сақшылары жол ережелерін сақтап, көлікті сақтықпен басқаруды ескертеді.

“Көлікті басқару кезінде физикалық тұрғыда дайын болу маңызды, алыс сапарларда тасжол бойларындағы кемпингтерде демалу қажет. Көлік жүргізушілері өзінің және өзгенің денсаулығы мен өміріне жауапты екенін естен шығармауы міндетті”, - деп ескертті полицейлер.

Эльмира Мықтыбаева

Фото: freepik.com