21 ақпанда сағат 21:10-да Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылынан 60 шақырым қашықтықта құтқарушылар және жоғалған адамның туыстары іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Еске салайық, 1990 жылғы азамат Қ.А. 21 ақпан күні сағат 13:30 жүк тиегішпен Ақшелек шаруа қожалығынан Боракөл ауылына жолға шыққан. Алайда ауа-райының нашарлап, қар жауып, көріну деңгейінің төмендеуіне байланысты жолда адасып қалған. Құтқарушылар жол талғамайтын трэкол автокөлігімен іздеді. Іздестіру-құтқару жұмыстары сәтті аяқталып, құтқарушылар жоғалған азаматты 22 ақпан күні сағат 00:30-да «Асемкөл» жерінен тапты. Зардап шеккендер жоқ. Жағдайы бірқалыпты. Медициналық көмекті қажет етпеді. Құтқару жұмыстарына Атырау облысы ТЖД 4 қызметкер, бір техника жұмылдырылды.
"Құрметті облыс тұрғындары! Дауылды ескертулер туралы хабарламалар келген кезде, алыс сапарға жолға шықпауларыңыз сұралады!" делінген облыстық ТЖД Имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының хабарламасында.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ