Атырау облысында екі күн бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен 37 жастағы малшыны іздеп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, бақташының жоғалғаны туралы ақпарат 24 мамырда сағат 15:12-де келіп түскен.
«Бақташы болып жұмыс істейтін 1986 жылы туған жігіттің қыстақтан 23 мамыр күні жергілікті уақытпен сағат 17:00-де шығып кеткені анықталды. Қыстақ Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Содан бері одан еш хабар жоқ. Қыстаққа кері оралмаған», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобындағылар.
Малшының қай бағытта кеткені белгісіз. Оны іздестіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 5 қызметкер мен 1 техника жұмылдырылған. Құтқарушылармен қатар Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де іздеуге атсалысты.
Мира НҰРТАЕВА
Фото ашық дереккөздерден алынды