Өткен бейсенбіде 1996 жылы күзде әскерге кетіп оралмаған Қызылқоға ауданы Жасқайрат ауылының 1977 жылы туған тұрғыны Бейбіт Қозыбаевтың 28 жылдан кейін аман-есен табылғанын хабарлаған едік. Бүгінде анасы Маржан Қозыбаева туған ұлымен осынша жылдан кейін аман-есен қауышты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі atr.kz-ке сілтеме жасап.
- Маржан апайдың бұл күнге де жетіп, туған ұлын құшақтап, сағынышын басқанын көзіміз көрді. Аудандық әскери комиссариатына келіп, баласын сұрап егілген ананың талай қиналғаннан есінен танып қалғанын да көргенбіз. Сол кездері оны не деп жұбатарымызды білмей, біз де қиналып қалушы едік. Бүгін міне, 28 жылдан кейін бауыр еті баласымен қауышқан ана үшін біздің де көңіліміз жай тапқандай болды, – дейді Қызылқоға аудандық мәслихатының депутаты, қорғаныс саласының ардагері Есенбай Нұров.
Айта кетейік, 1996 жылы күзде әскерге кетіп оралмаған Қызылқоға ауданы Жасқайрат ауылының 1977 жылы туған тұрғыны Бейбіт Қозыбаев 28 жылдан кейін аман-есен табылған болатын. Бұл туралы Қызылқоға аудандық мәслихатының депутаты, қорғаныс саласының ардагері Есенбай Нұров хабарлады.
- Кешегі күн Атырау облысы Қызылқоға ауданына соның ішінде Ойыл ауылдық округі Жасқайрат ауылы тұрғындарына, сонымен қатар Қызылқоға аудандық қорғаныс істері жөніндегі ұжымға (бұрынғыша райвоенкомат) қуанышты күн болып саналады. 1996 жылы күзде әскери борышын өтеуге кеткен Жасқайрат ауылының тұрғыны 1977 жылы туған Қозыбаев Бейбіт Алтайұлы өзі қызмет етіп жатқан әскери бөлімді өз бетімен тастап кетіп,(СОЧ) 28 жылдан бері әлі күнге дейін қайда жүргені белгісіз болып келген еді. Анасы Маржан аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге мен қызмет еткен 2009 жылға запасқа шыққанға шейін, баласының хабарын білгісі кеп, райвоенкоматқа айына бір рет соғып тұрды, «Бармысың бауырымға» дейін барып іздеу салған болатын. Бейбіт әлеуметтік желі Тік-Ток арқылы кластас құрдасына хабарласқаны кеше бір күнде аудан тұрғындарына тез тарады, – дейді Е.Нұров.
Ол өз сөзінде «Аман ердің аты шығады» демекші, 28 жылдан кейін әлеуметтік желі арқылы құрдастарын сұрап арқа-жарқа болған 48 жастағы Бейбітті көргенде әскери борышын өтеуге жіберген аудандық әскери комиссар ретінде, райвоенкоматтың есігіне баласын іздеп, талай келген анасы Маржанның алдында мойнынан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалғандай болғанын атап айтты.
– Бейбітті іздеп, жазған хаттың өзі бір үлкен папкаға татырлық іс болған еді. Әке-шешесі Алтай мен Маржанның көзі тірісінде табылып, өзінің айтуынша 4 балалы болған Бейбіттің туғандарына аман есен қосылуларына тілектеспін. Оның осы уақытқа дейін қайда жүргені маған белгісіз, өмірдегі соқпақты қилы тағдыр ғой. Анасы Маржанның ұлы Бейбітті маңдайынан иіскеп, баласын тауып, сарғайған аналық сағынышын басқанының өзі неге тұрады, – деп сөзін түйіндеген Есенбай Нұровтың да қуанышында шек жоқ.