Атырауда жоғалған адамдардың денелері табылды...

Құтқарушылар  Жылыой мен Махамбет аудандарында жоғалған адамдардың денесін тапты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Қоғаммен байланыс тобыс мәлім етті. 29 мамырда сағат 15:55-те Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Жылыой ауданында жолғалған 1991 ж.т. адамның денесін «Қамыскөл» көлінен шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды.

Еске салайық, бұл туралы біз бұған дейін де жазған болатынбыз. Жоғалған адам  23 мамырда сағат 19:30 шамасында үйінен шығып, туыстарының айтуынша «Жем» өзеніне  жеке қайығымен балық аулауға кетіп, кері оралмаған.  Құтқарушылар шақырту түскен уақыттан бастап бүгінгі күнге дейін 6 күн бойы  үздіксіз іздестіру жұмыстарын жүргізді. Іздестіру-құтқару жұмыстарын Атырау облысы ТЖД 3 құтқарушы мен 1 бірлік моторлы қайық жүргізді.

29 мамырда сағат 16:15-те  Махамбет ауданы Ақжайық селосынан 5 км қашықтықта жайылмаға тараған өр суынан 1998 ж.т. ер адамның денесін құтқарушылар шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды. Айта кетейік, 1998 ж.т. ер адам «Манаш» шаруа қожалығы бағытында мал жаюға шығып, кері оралмаған болатын. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Атырау облысы ТЖД, АПБ, ЖАО барлығы 21 адам, 6 техника, 3 моторлы қайық жұмылдырылды.

Қазір Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты су арнасынан асып, жайылмаға тараған болатын.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: ru.freepik.com