Атырауда желіні шулатқан видеоға әкімдік жауап берді

Желіде желдей ескен бейнежазбадан жұмыс берушілерге өкпелеген жас жігіттің төсемтастарды қиратып жатқанын көруге болады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ол өзін жалақысын толық алмаған жұмысшы ретінде көрсеткен. Яғни, оны жұмыс берушілер алдап, еңбекақысын бермей қойған-мыс.

Аталған оқиға қаладағы Құлманов пен Гагарин көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолында орын алған. Осыған орай, біз Атырау қалалық әкімдігінен түсініктеме беруді сұрадық. Анықталғандай, бейнежазбадағы жігіт бұл әрекетке «хайп» жинау үшін барған екен. Бірақ, балағат сөздер айтқаны үшін өкінетінін айтады.

«Аталған азамат хайп қуып заңбұзушылыққа барғанын мойындады. Енді ол мемлекет мүлкін бүлдіргені үшін әкімшілік жазаға тартылып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни,  69 мың теңге айыппұл арқалады. Тексеріс барысында оның ешқандай мердігер немесе басқа да мекемелерде жұмыс жасамайтыны анықталды» дейді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Айша Кенжемұратова.

Қазір аталған іс сотқа жолданды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ